Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Университет басшылығының қолдауымен «Отандастар қоры» КЕАҚ студенттер мен білім алушыларға арналған «Қоғамдық лекция» өткізді. Шара екіжақты байланыстарды нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.
Дәріске Университеттің «Халықаралық қатынастар» және «Аймақтану» мамандықтарының студенттері, сондай-ақ қазіргі уақытта «Отандастар қоры» қабырғасында кәсіптік практикадан өтіп жатқан 50-ден астам білім алушы қатысты.
Шара барысында дипломатия саласының майталмандары, тәжірибелі мемлекеттік қайраткерлер дәріс оқыды:
– Қалыбек Қобландин – профессор, тарих ғылымдарының докторы, «Отандастар қоры» КЕАҚ кеңесшісі, ҚР-ның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2013-2019 жж.);
– Ержан Мұқаш – Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары, ҚР-ның Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2014-2019 жж.).
Шақырылған спикерлер халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері, заманауи дипломатияның трендтері және шетелдегі қандастармен байланысты дамыту бағыттары туралы өмірлік әрі кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Болашақ дипломаттар мен саясаттанушылар спикерлерге сұрақтар қойып, еркін пікір алмасты.
«Отандастар қоры» КЕАҚ басшылығы жобаның жоғары деңгейде өтуіне және ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен ЕҰУ Ректоры Ерлан Бәтташұлына және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің ұжымына, жауапты маман Ботагөз Паратханға ерекше алғысын білдіреді.
.jpg)
.jpg)