«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) кеңсесінде Қоғам өкілдерінің Корея Республикасының Шетелдік корейлер жөніндегі агенттігінің (Overseas Koreans Agency – OKA) хатшысы Ли Мен Джэ және Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің делегациясымен (Консулдық бөлімнің басшысы Чжи Хэсун, саяси бөлімнің басшысы Ким Иль-Джунг) ресми жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шара барысында Қоғам вице-президенті Алибек Жұрқадам құрметті қонақтарға ұйымның негізгі қызметтік бағыттарын таныстырып, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалар мен бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берді. Тараптар диаспоралық саясатты дамыту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және шетелдегі отандастарды қолдау саласындағы өзара тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетсек, өткен жылы Қоғам мен Кореяның Шетелдік корейлер жөніндегі агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы ресми меморандумға қол қойылған болатын. Қол жеткізілген келісімдер шеңберінде бүгінде екіжақты байланыстар жүйелі түрде дамып келеді.
Кездесу аясында тараптар екіжақты стратегиялық әріптестіктің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен бастамалардың оң нәтиже беретініне және байланыстардың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Корея Елшілігінің өкілдері Қоғамға Елшілік ұйымдастырған «Диаспоралық саясат және тарихи мұра: корей-қазақ ынтымақтастығының болашағы этникалық корейлер қауымдастығы призмасы арқылы» атты семинарға белсенді қатысып, мазмұнды баяндама ұсынғаны үшін ерекше алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта бірлесіп атқарылатын іс-шаралардың жоспарын талқылап, өзара ықпалдастықты арттыруға уағдаласты. Кездесу соңында қалыптасқан ұлттық дәстүрге сай, Корея Республикасынан келген мәртебелі қонаққа қазақы қонақжайлылық белгісі ретінде арнайы сый-сияпат көрсетілді.