«Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық семинарға қатысты

29 Мамыр 2026

2026 жылғы 29 мамырда Астана қаласында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Диаспоралық саясат және тарихи мұра: этникалық корейлер қауымдастығы призмасы арқылы корей-қазақ ынтымақтастығының болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Аталған ауқымды іс-шара Қазақстандағы кәріс ұлтының қоныс аударғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының жетекшілері, Корея Республикасының Шетелдік корейлер жөніндегі агенттігінің (OKA) және «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғылыми орта өкілдері қатысты.

Семинар барысында «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Алибек Жұрқадам мазмұнды баяндама жасап, ұйымның негізгі қызметтік бағыттарын, шетелдегі қандастармен байланыс орнату тәжірибесін және қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобаларды таныстырды.

Корея Республикасының Шетелдік корейлер жөніндегі агенттігінің хатшысы Ли Мен Джэ бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 122 мыңнан астам кәріс ұлтының өкілдері береке мен бірлікте өмір сүріп жатқанын атап өтті.

Семинарға қатысушылар кәріс диаспорасының екі мемлекет арасындағы алтын көпір іспетті рөлін жоғары бағалап, мәдени-гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.

«Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық семинарға қатысты