АҚШ Сенаты Әсел Робертстің (ТӨЛЕНОВА Әсел Қалиқызы) Словениядағы Америка елшісі лауазымына кандидатурасын бекітті! Ол Америка Құрама Штаттары тарихында елші лауазымына бекітілген алғашқы этникалық қазақ қызы болды. Құтты болсын!
Өмірбаяны мен білімі
— Туған жері: Әсел 1976 жылы Жамбыл облысында (басқа деректер бойынша Алматы облысында немесе Алматы қаласында) дүниеге келген. Әкесі — Жамбыл облысы Талас ауданының тумасы.
— Мектеп жылдары: Алматы қаласындағы орта мектепте оқыған. Жасөспірім шағында АҚШ-қа көшіп барып, орта мектепті Америкада тәмамдаған.
— Жоғары білімі: 1993 жылы Джорджтаун университетінің Дипломатиялық қатынастар факультетіне оқуға түскен. Онда Эдмунд Уолш атындағы Дипломатиялық қызмет мектебін бітіріп, халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар саласындағы бакалавр дәрежесін алған.
— Алғашқы тәжірибесі: Студент кезінде Ақ үйде тағылымдамадан өткен.
Кәсіби мансабы
— 1999 жылдан бастап — АҚШ Президентінің Протокол департаментінде қызметте.
— 2014 жылдан бастап — АҚШ Президентінің Протокол департаменті бастығының орынбасары және директордың міндетін уақытша атқарушы.
— 2021 жылғы 20 қаңтардан 2022 жылғы 3 қаңтарға дейін — АҚШ Мемлекеттік протоколы бастығының міндетін атқарушы. Бұл — америкалық дипломатиялық жүйедегі ең мәртебелі лауазымдардың бірі.
— Соңғы уақытқа дейін — Мемлекеттік департаменттің Протокол шефі басқармасының аға кеңесшісі қызметін атқарды.
Басқармадағы қызметі: Протокол шефі басқармасында әртүрлі лауазымдарды, соның ішінде протокол шефінің міндетін атқарушы, басшының сапарлар жөніндегі көмекшісінің орынбасары және дипломатиялық мәселелер жөніндегі протокол қызметкері міндеттерін атқарған. Сондай-ақ Ақ үйде АҚШ Вице-президентінің аппаратында жұмыс істеді.
Мемлекеттік тәжірибесі: Бес бірдей президент әкімшілігімен қызметтес болып, халықаралық саммиттер мен жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымдастыруға қатысқан.
Қосымша мәліметтер
— Тілдерді меңгеруі: Қазақ, ағылшын, орыс және жапон тілдерін еркін меңгерген.
— Отбасылық жағдайы: Тұрмыста, бір қыз тәрбиелеп отыр.
«Терең басқарушылық тәжірибесі, тұлғааралық қарым-қатынастың үздік дағдылары, АҚШ елшіліктеріндегі бұрынғы жұмысы және Президент атынан әрекет ету қабілеті Робертс ханымға АҚШ-тың Словениядағы Елшісі лауазымын иеленуге толық мүмкіндік береді», — деп атап өтілген Мемлекеттік департаменттің АҚШ Сенатына жолдаған баяндамасында.
Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің Instagram парақшасынан:
«Әсел Робертс ханымды АҚШ-тың Словениядағы Елшісі лауазымына бекітілуімен шын жүректен құттықтаймыз. Ол - АҚШ тарихында елші дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ қызы. Жаңа қызметіне толағай табыс тілейміз. Іске сәт!»


