«Отандастар қоры» өкілдері Баян-Өлгий аймағының Білім басқармасы басшымен кездесті

Кеше

2026 жылғы 26 наурызда «Отандастар қоры» КЕАҚ (бұдан әрі – Қоғам) делегациясы Моңғолияға іссапары аясында Баян-Өлгий аймағының Білім басқармасының басшысы Серікбол Рахметұлымен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қоғам өкілдері қазақстандық университеттердің білім көрмесін және жергілікті белсенді қандас жастармен кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Білім басқармасына алғыс білдірді. Өз кезегінде С. Рахметұлы бұл шаралардың өңір жастары үшін маңыздылығын атап өтіп, білім көрмелері алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатынына сенім білдірді.

Жиын аясында Білім басқармасының аға маманы Ә. Ибрагимқызы «Отандастар қоры» мен Білім басқармасы арасындағы байланысты нығайту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасу ұсынысын алға тартты. Қоғам өкілдері бұл бастаманы қолдай отырып, болашақта көшпелі көрмелермен қатар, ақпараттық қолжетімділікті арттыру үшін онлайн форматтағы көрмелерді де тұрақты өткізіп тұруды ұсынды.

Еске сала кетсек, 25-26 наурыз күндері Баян-Өлгий аймақтық Музыкалық драма театрының ғимаратында қазақстандық жоғары оқу орындарының ауқымды білім көрмесі өтті. Шараға Қазақстанның 10 жетекші университетінің өкілдері қатысып, талапкерлерге оқуға түсу шарттары мен жеңілдіктер туралы толық мәлімет берді.

Аталған маңызды шара «Отандастар қоры» КЕАҚ және Баян-Өлгий аймағы Білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды.

«Отандастар қоры» өкілдері Баян-Өлгий аймағының Білім басқармасы басшымен кездесті