2026 жылғы 5 наурызда «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері Түркия Республикасында жарық көретін «Қазақ елі» журналы ұжымымен онлайн форматта кездесу өткізді
Кездесуге Қоғам тарапынан басқарушы директор Дидар Болат, жобалар координаторы Қалыбек Қобландин және баспасөз хатшысы Алжан Шарифов қатысты. Ал «Қазақ елі» журналы тарапынан журналдың құрылтайшысы Серкан Динчтурк, редакторлар Ертолқын Гайретуллах пен Нұргүл Берікболова, төралқа мүшесі Байрам Атач және журналдың Қазақстандағы өкілі Динара Қожабаева қатысты.
Кездесу барысында Түркиядағы қазақ қауымымен ақпараттық байланыс орнату және нығайту, медиа саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Ұлы дала» жобасы аясында Түркия қазақтары туралы жазылған еңбектерді басып шығару, өзге тілдерде жазылған кітаптарды қазақ тіліне аудару мүмкіндігі, сондай-ақ журналдың жаңа басылымдары мен материалдарын Қоғамның ақпараттық ресурстарында жариялау мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар журналдың электронды нұсқаларын Қоғамның Шетелдегі қазақтардың интеллектуалды қорына енгізу, KATEAD ұйымының қызметі мен жобалары туралы ақпарат алмасу ұсыныстары айтылды.
Кездесу барысында Түркиядағы қазақ қауымына арналған онлайн қазақ тілі курстарын кеңінен насихаттау, қазақ-түрік тіліндегі оқу құралдарын жеткізу, Түркиядағы қазақ балаларының «Jas Qazaq» жазғы лагеріне қатысуына қолдау көрсету мәселелері де талқыланды.
Бұдан бөлек, Қазақстанда шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарына арналған «Журналистер форумын» өткізу, журнал тілшілерінің халықаралық және қазақстандық медиа байқауларға қатысуына қолдау көрсету, сондай-ақ журнал ұжымына арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ақпараттық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және шетелдегі қазақ аудиториясына бағытталған бастамаларды бірлесе қолдауға уағдаласты.