2 ақпан – Ұлттық басылым күні құтты болсын!

02 Ақпан 2026

Бүгін – отандық баспасөз тарихындағы айрықша күн. 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласында ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көріп, ұлттық сананың жаңғыруына жол ашты. Осы тарихи күн 2023 жылдан бастап Ұлттық басылым күні ретінде белгіленді.

Ұлттық мүддені ту еткен, елдің ойы мен сөзін қалыптастырған отандық басылымдар – қоғамның айнасы, рухани тірегі. Бүгінде де газеттер мен журналдар елдік мәселелерді көтеріп, ұрпақ сабақтастығын, тіл мен мәдениетті, тарих пен тағдырды насихаттауда маңызды рөл атқарып келеді.

Әсіресе, шетелде тұратын отандастарымыз бен этникалық қазақтар туралы мазмұнды мақалалар жариялап, оларды тарихи Отаны – Қазақстандағы мүмкіндіктермен таныстырып жүрген басылымдардың еңбегі ерекше бағалауға лайық.

Осы айтулы мереке күні барша отандық басылым ұжымдарын Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

2 ақпан – Ұлттық басылым күні құтты болсын!