Прага қаласында тұратын қазақ жастары қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ақын шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты поэзия кешін ұйымдастырды.
Әдеби кеш ақынның туған күні қарсаңында, 7 ақпан күні Чехиядағы қазақ диаспорасының заңды өкілі - Qazaq Nomad ұйымының жетекшісі Дарина Жұмағұл мен Прагадағы қазақ тілі мұғалімі Шынар Манапқызының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараның Прага орталығындағы Ескі қала алаңында орналасқан, Чехия королі ІV Карл дүниеге келген тарихи ғимаратта өтуі кештің мән-маңызын арттырып, ерекше рухани атмосфера сыйлады.
Поэзия кешіне Чехияда білім алып жүрген студенттер мен түрлі салада еңбек етіп жүрген қазақ жастары қатысты. IT, экономика, бизнес бағытында оқып, жұмыс істеп жүрген жастардың сахнадағы өнері кәсіби театр әртістерінен кем түспей, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылардың жалынды жыры мен шынайы эмоциясы залдағы қауымды ерекше әсерге бөледі.
Кештің екі тілде өтуіне қолдау көрсетіп, чех тілінде жүргізуші болған чехиялық азамат Штепан Паздеркаға ұйымдастырушылар алғыс білдіріп, алдағы уақытта бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Іс-шараға елуге жуық адам жиналды. Қонақтар қатарында отандастарымызбен бірге қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан чех азаматтары, қазақстандықтармен отбасын құрған жандар және танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де болды. Бір сағатқа жоспарланған бағдарлама көрерменнің зор қызығушылығын тудырып, кеш соңында қатысушылар ұзақ уақыт тарқамай, өз әсерлерімен бөлісті.
Қазақ тілін білмейтін көрермендер де ақын өлеңдерінің терең мағынасын дауыс ырғағы мен қатысушылардың актерлік шеберлігі арқылы сезінуге тырысты. Ұйымдастырушылар бұл мәдени бастама алдағы уақытта Прагада өз жалғасын табады деген сенім білдірді.