Қоныс аударушылар мен қандастарды қолдау аясында 471 отбасыға 4,5 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары берілді. Бұл туралы Kazinform-ға сілтеме жасап otpannews.kz сайты хабарлайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көшу және бейімделуге бағытталған қолдау шаралары бірнеше бағытты қамтитынын хабарлады.
— Қоныс аударушылар мен қандастарға көшуге арналған біржолғы төлемдер, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу, жұмыс берушілерді субсидиялау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттарын беру қарастырылған, — делінген министрліктің ресми жауабында.
Сондай-ақ, қоныс аударған азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі де оң шешімін табуда.
Еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың саны — 2 982 адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 1 756 адам. Сонымен қатар, 45 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады. 31 адам мемлекеттік гранттарға ие болды.
Министрлік деректері бойынша, мемлекеттік қолдау аясында көшу кезінде отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін бір отбасыға 12 ай бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленеді. Бұдан бөлек, көшуге жәрдемдескен жұмыс берушілерге 400 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі.
Сонымен қатар, қоныс аударушылар қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіледі. Жұмысқа орналасуға немесе өз ісін ашуға, оның ішінде экономикалық мобильділік сертификаттарын беру арқылы қолдау көрсетіледі.
Дереккөз: otpannews.kz