«Отандастар қоры» Қоғамы мен Азия зерттеулері институты арасында ресми ынтымақтастық орнады

12 Желтоқсан 2025

2025 жылдың 10 желтоқсанында Алматы қаласында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Азия зерттеулері институты мен арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қоғам атынан -президент А. Жұрқадам, ал Азия зерттеулері институты атынан директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г. Ким қол қойды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Азия зерттеулері институты – 2020 жылы құрылған ғылыми-зерттеу құрылымы. Институт Азия елдерінің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени үдерістерін, шетелдегі отандастардың жай-күйін жан-жақты зерттеумен, сондай-ақ мемлекеттік органдарға талдамалық материалдар әзірлеумен айналысады.

Тараптар меморандумға қол қою арқылы тең құқықтық және өзара құрмет қағидаттарына негізделген ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Бұл келісім шетелдегі отандастарды зерттеу, олардың мәдени және зияткерлік мұрасын сақтау, халықаралық деңгейде насихаттау бағыттарындағы күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – диаспора саясаты, көші-қон үдерістері, мәдени дипломатия, этникалық бірегейлік және халықаралық қатынастардағы диаспорының рөлі мәселелерін кешенді зерделеу бойынша ортақ ғылыми платформаны қалыптастыру.

Меморандум аясында тараптар ғылыми және анықтамалық ақпаратпен алмасуды, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізуді, шетелдегі қазақтар туралы зерттеу жобаларын бірлесіп әзірлеуді және қолдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар анықтамалық басылымдар сериясын дайындау, диаспора мен көші-қон мәселелеріне қатысты білім беру бастамаларын іске асыру, далалық зерттеулер мен экспедициялар жүргізу, әлеуметтанулық және антропологиялық сауалнамалар ұйымдастыру бағыттары да – ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі.

«Отандастар қоры» Қоғамы мен Азия зерттеулері институты арасында ресми ынтымақтастық орнады