2025 жылы «Ұлы дала» жобасы аясында шетелдегі қазақ қаламгерлерінің 9 еңбегі жарық көреді

Бүгін, 10:19

2025 жылы «Отандастар қоры» КеАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы дала» халықаралық жобасына шетелде тұратын қазақ қаламгерлерінен барлығы 25 шығарма ұсынылды. Комиссияның шешімімен олардың ішінен әдеби және ғылыми маңызы ерекше 9 еңбек баспадан шығарылатын болып бекітілді. Кітаптардың тұсаукесері 2025 жылдың қараша айына жоспарланған.

Жеңімпаз атанған шығармалар қатарында Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейдегі қандас қаламгерлердің еңбектері бар. Атап айтқанда:

  1. Сәли Садуақасұлы – «Отынбай мен Шекпенқыз» (Қытай)
  2. Шаймұрат Қамзаұлы – «Қыпшақ хикаялары» (Қытай)
  3. Костер Тұмысханұлы – «Бала шағым – болашағым» (Моңғолия)
  4. Съезханұлы Серікбол – «Құрылыс – ұжымдық іс» (Моңғолия)
  5. Тойлыбай Құрмандолдаұлы – «Ару Алтай – Ана Алтай» (Моңғолия)
  6. Мусаева Замира – «Мөлдір болсын жүректер» (Өзбекстан)
  7. Наурызбай Жарбосынұлы, Баршын Мырзабаева, Мейрамбек Әбдіқалиев – «Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдері» (Өзбекстан)
  8. Қалдыбек Сейданов – «Абай және Орта Азия әдебиеті» (Өзбекстан)
  9. Айгүл Тажмуратова – «Очерки истории и культуры Оренбургского края» (Ресей)

Бұл еңбектер шетелдегі қазақтардың әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен дүниетанымын кеңінен танытуға ықпал етпек. Жоба арқылы алыстағы ағайынның шығармашылығы насихатталып қана қоймай, олардың еңбектері ғылыми айналымға енгізіліп, Қазақстандағы оқырман қауымға кеңінен таралады.

«Ұлы дала» жобасы – Отандастар қоры мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан маңызды мәдени бастама. Оның басты мақсаты – шетелде тұратын қазақ қаламгерлерінің мұрасын жинақтап, ел ішінде таныту, тарихи-мәдени сабақтастықты нығайту және ұлттық әдебиеттің дамуына үлес қосу. Жоба аясында 2023 жылы – 10, 2024 жылы – 9 кітап басылып шықты.

 

«Отандастар қоры» КеАҚ

Баспасөз қызметі

2025 жылы «Ұлы дала» жобасы аясында шетелдегі қазақ қаламгерлерінің 9 еңбегі жарық көреді