Еуропада тұратын қазақ балаларына арналған ерекше жоба – «Қызықты қазақ тілі» сабағы 2024 жылдың 1 маусымынан бері волонтерлік негізде өтіп келеді.
Әр жексенбі күні сағат 11:00-де онлайн форматта өтетін бұл сабақтар – тек тіл үйрету емес, рухани сабақтастықтың көпірі.
Балалар бұл сабақтарда:
• Қазақтың салт-дәстүрімен және ауыз әдебиетінің інжу-маржандарымен танысады;
• Кітап оқуды үйреніп, туған тілінде еркін сөйлейді;
• Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, өз тамырын терең сезінеді.
Жобаның бастамашысы – елордалық ұстаз, педагогика ғылымдарының магистрі, ҚР «Үздік педагог – 2019» атағының иегері Гүлжазира Бекболатқызы.
Ол тек білім беріп қана қоймай, алыстағы бауырларымызға рухани жылулық сыйлап келеді.
Шәкірттері сабақты асыға күтеді, ал кейбірі Астанаға арнайы келіп, сүйікті ұстазымен жүздесті.