«Мықты әйелдер» форумының спикерлері «Отандастар қорында» болды

05 Қыркүйек 2025

2025 жылғы 5 қыркүйекте Астана қаласында «Отандастар қоры» ғимаратында халықаралық «Мықты әйелдер» форумының қатысушы-қазақ әйелдерімен кездесу өтті. Шараға Испания, Түркия, Нидерланды, Португалия, Бельгия және Малайзиядан келген белсенді әрі табысты отандастарымыз қатысты.

«Отандастар қоры» президенті Данияр Рамазанұлы шетелден келген делегацияны жылы қарсы алып, олардың еңбегіне табыс пен жаңа жетістіктер тіледі, сондай-ақ алдағы форум жұмысына сәттілік білдірді.

Қонақтар кездесу барысында қазақы болмысты шетелде қалай сақтап, ұлттық мәдениетті танытып жүрген тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен бірге түрлі салада қол жеткізген табыстарын баяндап, пікір алмасты.

Испаниядағы «Мөлдір үміт» қазақ арулары ұйымының төрайымы Үміт Давранова, өзі ұйымдастырып отырған «Мықты әйелдер» форумы жайында айтып берді. Форумға әлемнің түкпір-түкпірін өз саласында биік жетістіктерге жетіп жүрген қазақ қыздары және халықаралық сарапшылар келетінін мәлімдеді.

Бельгиядағы «Шаңырақ» қазақ қоғамының төрайымы Ақмарал Амеркулова өздерінің бастамалары туралы баяндады. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтары, домбыра үйірмелері және ұлттық би топтары ұйымдастырылған.

Нидерландтың Гаага қаласында тұратын Камшат Демеуова құрылған шағын қазақ қоғамының қызметі жайлы айтты. Қоғам мүшелері мерекелерде бас қосып, түрлі іс-шаралар өткізеді. Соңғы ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне 200-ге жуық адам қатысып, оған көршілес елдерден де қонақтар келген. Бірлестік ресми түрде тіркелмегеніне қарамастан, іс-шаралар ауқымды деңгейде өтуде.

Малайзиядағы қазақ диаспорасының жетекшісі Баян Нышан Қазақстан мен Малайзия арасындағы бірлескен мәдени жоба жоспарланып отырғанын жеткізді. «Алатау» дәстүрлі өнер театры Малайзияның өнер университеті «ASWARA»-мен бірлесіп, көлеңке театрында қазақ халық ертегілерін сахналамақ.

«Мықты әйелдер» форумының спикерлері «Отандастар қорында» болды