Өзбекстандағы қандасымыз Гүлдана Нарынбет байқау жүлдегері атанды

22 Тамыз 2025

Өзбекстандағы қандасымыз, жас зерттеуші әрі журналист Гүлдана Нарынбет тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған ұлттық медиа алаң алыптарын анықтайтын “Ең ұлы, ең ғазиз” байқауының Науаи облыстық кезеңінде жүлдегер атанды. 

Науаи қаласында өткен шарада медиа, БАҚ және кино саласының үздіктері елдің рухани өміріне, қоғамдағы өзекті мәселелерге арнаған еңбектері үшін марапатталды. Осы мәртебелі байқауда Гүлдана Нарынбет өзінің ғылыми-зерттеу еңбегі – «Өзбекстандағы қазақ тілді басылымдардағы публицистика және журналистік шеберлік» атты кітабымен көзге түсіп, әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Зерттеуінде қандасымыз қазақ тілінде жарық көретін газеттер – «Нұрлы жол», «Кенимех таңы», «Тамды шаруагері», «Үшқұдық», сондай-ақ қазақ тіліндегі телебағдарламалар, радио хабарлар мен мемлекеттік сайттардағы материалдардың мазмұнына тоқталған. Сонымен бірге Жызақ пен Ташкент облысындағы қазақ тілді басылымдардың тарихына да терең шолу жасайды.

Бұл жеңіс – тек Гүлдананың жеке табысы емес, жалпы Өзбекстандағы қазақ диаспорасының мәдениеті мен ақпараттық кеңістіктегі орнына берілген баға.

Гүлдана Нарынбетті шын жүректен құттықтаймыз! Оның еңбегі қазақ журналистикасының өрісін кеңейтіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайта түсетініне сенеміз.

Өзбекстандағы қандасымыз Гүлдана Нарынбет байқау жүлдегері атанды