Үрімші қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен және белсенділермен кездесу

26 Тамыз, 2024

2024 жылғы 24 тамыз – 30 тамыз аралығында «Отандастар қоры» КеАҚ Қоғам президенті Д.Қадыров пен Талдау және стратегиялық даму департаментінің жобалар үйлестірушісі Қ.Қобландин Қытайдың Этникалық азшылықтарының сыртқы істер жөніндегі қауымдастығының шақыруымен Пекин және Шыңжан аймағының орталығы Үрімші қалаларында іссапарда болды.

Іссапар барысында Шыңжан аймағының орталығы Үрімші қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен және белсенділермен кездесу  өтті.

26 тамызда қазақстандық делегация – «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Д.Қадыров пен Қоғамның талдау және стратегиялық даму департаментінің жобалар үйлестірушісі Қ.Қобландин және  Қазақстан Елшісі Ш.Нұрышев Қытайдың Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Пань Юэ, Комитеттің халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаментінің басшысы Вэй Госюнмен кездесті.

Пань Юэ қазақстандық делегацияны жылы шыраймен қарсы алып, өткен жылы Қазақстанға барған іссапарын, кездесулерден алған әсерлерін ілтипатпен еске алып, Ұлттар комитетінің қызметімен таныстырды.

26 тамызда Елшіліктің ұйымдастыруымен қазақ зиялылары, Қытай халық жазушысы Акбар Мажит, Ұлттар баспасы ардагері Әлдеқап және Ұлттар істері комитетінің әдеби бөлімінің қызметкері Бақытбекпен бейресми кездесу өтті. Кездесу барысында «Отандастар қоры» КеАҚ қызметі, көші-қон туралы ақпараттар таныстырылды. Негізінен Қоғамның қызметі, әсіресе шетелдегі қазақ балаларының оқуға түсуіне қолдау көрсетуі ерекше оң бағалануда. Шыңжаннан Қазақстанға бару/келуде, құжат тапсыруда қиыншылықтар бар екенін тілге тиек етті. Акбар Мажит 2023 жылы Астанада өткен «Отандастар форумы», сондағы ағайын-бауырлармен кездесулерінен үлкен әсер алғанын айтты.

Сапар барысында қытай тарапына «Отандастар қоры» қоғамының мақсаты мен міндеттері, негізгі бағыттары - Қытайдағы қазақ қауымдастығының мәдени-рухани құндылықтарын Қазақстанда кеңінен тарату, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ат салысатындығы айтылып, Қоғам өз жұмысын ашық, ресми тұрғыда жүргізетіндігі атап көрсетілді.

Үрімші қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен және белсенділермен кездесу