Бурабайда «Jas Qazaq» жазғы этно-лагерінің жабылу салтанаты өтті

19 Шілде 2025

Бурабайдағы IQanat High School of Burabay базасында шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагерінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырды.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған «Jas Qazaq» этно-лагері 2025 жылғы 7-20 шілде аралығында өтті. Екі апта бойы қатысушылар қазақ тілі мен тарихын оқып, салт-дәстүр мен ұлттық ойындарды үйренді. Олар киіз үй тігіп, атқа мінуді, домбыра мен ұлттық аспаптарда ойнауды меңгеріп, мәдени-рухани бағдарламаға белсенді қатысты.

Лагерьге АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай елдерінен келген 150-ге жуық этникалық қазақ балалары қатысты. Қатысушылар – Қоғам ұйымдастырған халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, білім мен өнерге құштар дарынды жастар.

Лагерь аясында «Мәдениет күні», «Домбыра күні», «Акустикалық кеш», «Патриоттық әндер кеші» сияқты түрлі мазмұндағы шаралар ұйымдастырылды. Aqyl Battle ұжымы арнайы келіп, қатысушыларға интеллектуалдық ойын өткізді. Сонымен қатар, Отандастар қоры жариялаған бейнебайқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, үздік орда анықталды.

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров шара барысында:

– Jas Qazaq лагері – Қоғамның ең ауқымды әрі маңызды жобасы. Жалпы 5 жылда 850-ге жуық қазақ баласын атамекеніне алып келіп, танымдық этно бағыттағы лагерді ұйымдастырдық. Осы жоба арқылы олар ұлттық болмысымен қайта қауышып, жүздеген достар мен бауыр тапты. Сондай-ақ жобаның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған IQanat мектебінің ұжымы мен IQanat қорына алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті.

«Jas Qazaq» лагері – шетелдегі этникалық қазақ жастарын тарихи Отанымен жақындастыруға, ұлттық сана мен болмысты сақтауға бағытталған бірегей жоба. Бұл бастама – «Отандастар қорының» шетелдегі қандастарға мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету жөніндегі жүйелі жұмысының жарқын көрінісі.

 

Қосымша ақпарат үшін:

Алжан Шарипов
«Отандастар қоры» КЕАҚ 
Баспасөз хатшысы
Тел: +7 775 510 5191
Alzhan.sharipov@gmail.com

Бурабайда «Jas Qazaq» жазғы этно-лагерінің жабылу салтанаты өтті