«Отандастар қоры» делегациясы Өзбекстандағы республикалық басылымдармен кездесті
- 2025 жылғы маусым айындағы жұмыс сапары аясында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының делегациясы Өзбекстандағы жетекші республикалық басылымдардың бірі – «Нұрлы жол» газетінің редакциясына арнайы барып, бас редактор Ғұламзәкір Есенұлы Юсуповпен кездесті.
-
- «Нұрлы жол» – Өзбекстанда қазақ тілінде республика көлемінде шығатын жалғыз мемлекеттік газет. Басылым елдегі қазақ қауымдастығы үшін ана тілін сақтау, мәдени бірегейлікті нығайту және ақпаратпен қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда газет аптасына екі рет жарық көреді және 3 600 дана таралыммен бүкіл республика аумағына таратылады.
-
- Кездесу барысында делегацияға редакцияның құрылымы, тақырыптық бағыты, оқырман аудиториясы мен күнделікті жұмысы туралы кең көлемді ақпарат ұсынылды. Бас редактор «Нұрлы жол» газетінің рухани, мәдени және ағартушылық маңызын ерекше атап өтті.
-
- Тараптар қазақ диаспорасына бағытталған ақпараттық мазмұнды арттыру, бірлескен жобалар әзірлеу және екіжақты ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылады.
-
- Сапар аясында делегация республикалық Xalq so‘zi / Народное слово газетінің редакциясына да барып, жауапты хатшы, қандасымыз Нұрлан Ұсманов мырзамен кездесті. Кездесуде қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігін ақпараттық деңгейде кеңінен насихаттау, мазмұндық әріптестік орнату және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері сөз болды.
-
- Аталған кездесулер Өзбекстандағы қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату және шетелдегі ақпараттық серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

- «Отандастар қоры» КЕАҚ Баспасөз қызметі
- Қосымша ақпарат үшін:
- Алжан Шарипов (Баспасөз хатшысы)
- +7 775 510 5191
- alzhan.sharipov@gmail.com