Қазақ-өзбек әдеби байланысы: «Отандастар қоры» мен Өзбекстан Жазушылар одағы кездесті

Кеше
  • Ташкент қаласындағы жұмыс сапары аясында «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдері Өзбекстан Жазушылар одағына арнайы барып, әдеби және мәдени ынтымақтастыққа арналған маңызды кездесу өткізді. Делегация мүшелері Жазушылар одағының халықаралық байланыстар және көркем аударма бөлімі бас маманы, жазушы әрі аудармашы Рисолат Хайдарова, сондай-ақ Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы, аудармашы Тұрсынәлі Ахметовпен сұхбаттасты.
  •  
  • Кездесу барысында Рисолат Хайдарова екі ел Жазушылар одақтарының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды жобаларға тоқталды. Атап айтқанда:
  • – 2022 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркі әдебиеті інжу-маржандары» атты 100 томдық әдеби антологияның 72-81-томдары қазақ әдебиетіне арналды. Бұл жобада Қазақстан Жазушылар одағы қажетті шығармалар мен материалдарды ұсыну арқылы елеулі қолдау көрсеткен.
  • – 2023 жылы Алматы қаласында шығатын «Таң-Шолпан» әдеби журналында өзбек жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударылып, жүйелі түрде жарияланып отырды. Бұл – әдеби аударма арқылы мәдени жақындасуға бағытталған нақты қадам.
  •  
  • Өзбекстан Жазушылар одағының құрамында Қазақ әдебиеті кеңесі тұрақты жұмыс атқаруда. Бұл кеңес – Одақ құрамындағы Тәжік және Орыс әдебиеті кеңестерімен қатарлас жұмыс істейтін шығармашылық құрылым. Кеңес Өзбекстанда тұратын қазақ қаламгерлерінің әдеби дамуына қолдау көрсетіп келеді.
  •  
  • Кеңес төрағасы Тұрсынәлі Ахметов өз сөзінде кеңестің тарихи тамырына тоқталып, оның бастауы 1935 жылы жарық көрген «Социалды шашу» атты әдеби жинақтан бастау алатынын айтты. Қазіргі таңда кеңес құрамында 13 мүшесі бар және олардың барлығы Өзбекстан Жазушылар одағының толыққанды мүшелері.
  •  
  • Сондай-ақ 2024 жылы «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлы дала» халықаралық әдеби байқауы аясында өзбекстандық қазақ қаламгерлерінің шығармалары Қазақстанда жарық көрді. Атап айтқанда:
  • – Лала Жұманованың «Қарасу жырлары»,
  • – Жарасқан Мырзамұратовтың «Ақиқаттың дәмі ащы» атты поэзиялық жинақтары оқырман қолына тиді. Байқауға биыл да өзбекстандық қазақ қаламгерлері белсенді қатысып, шығармашылық серпін көрсетіп отыр.
  •  
  • Кездесу соңында тараптар қазақ және өзбек әдебиеттерінің тарихи сабақтастығы мен мәдени үндестігіне ерекше мән берді. Әдебиет – халықтардың рухани көпірі екенін алға тартқан делегация өкілдері болашақта аударма, баспа және әдеби жобалар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.
  •  
  • Сонымен қатар делегация мүшелері Өзбекстан Жазушылар одағы жанындағы әдеби музеймен танысып, ұйым тарихы, көрнекті мүшелерінің еңбегі, әдеби мұрасы туралы құнды ақпарат алды. Бұл – әдебиет арқылы екі ел арасындағы рухани байланысты тереңдетудің нақты көрінісі болды.

  •  
  • «Отандастар қоры» КеАҚ Баспасөз қызметі
  • Кері байланыс үшін:
  • Алжан Шарипов (баспасөз хатшысы)
  • +7 775 510 5191
  • alzhan.sharipov@gmail.com
Қазақ-өзбек әдеби байланысы: «Отандастар қоры» мен Өзбекстан Жазушылар одағы кездесті