Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының деректері

07 Мамыр 2025

2025 жылдың қаңтар–сәуір айлары аралығында Қандастарды ақпараттық қолдау орталығына барлығы 734 өтініш келіп түсті.

Өтініштердің елдер бойынша үлесі: Бұл кезеңде шетелден түскен өтініштердің жартысына жуығы Өзбекстаннан түсті – жалпы санының 49,5%. Елеулі үлес Моңғолиядан түскен өтініштерге тиесілі (18,4%). Ресейден келіп түскен өтініштер барлық сұраныстың 10,2%-ын, Қытайдан – 9,9%-ын, Түрікменстаннан – 2,7%-ын құрады. Қалған 9,3% өтініш басқа елдерден түскен. Бұл көрсеткіштер қандастар ең көп хабарласқан елдер Өзбекстан мен Моңғолия екенін, сондай-ақ Ресей мен Қытай бағытында да айтарлықтай сұраныс бар екенін аңғартады.

Қандастардың өтініштері Қазақстанның барлық өңірлерінен түсуде. Ең көп өтініш Түркістан облысында тіркелді – барлығы 216 өтініш. Келесі орындарда Астана қаласы (126 өтініш), Алматы қаласы (94), Алматы облысы (66) және Шымкент қаласы (51) тұр. Бұл бес өңір қандастардан түскен өтініштер саны бойынша көш бастап тұр. Қалған облыстарда өтініштер саны бұлардан төмен болғанымен, жалпы алғанда сұраныс бүкіл ел аумағында байқалады.

Қандастардың ең көп қоятын сұрақтары қандас мәртебесін алу мәселесіне қатысты – барлық өтініштердің 40,9%-ын құрады. Екінші орында білім және мәдениет саласына байланысты сұрақтар тұр (23,3%). Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мәселесіне қатысты сұрақтар жалпы өтініштердің 7,8%-ын құрады. Сонымен қатар, қандастарға арналған жеңілдіктер туралы сауалдар 4,6%-ын, ал Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат (ықтиярхат) алу жөніндегі сауалдар 4,5%-ын құрады. Қалған өтініштер өзге тақырыптарға тиесілі болды.

 Бұл деректер Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы жұмысының маңыздылығын көрсетеді. Шетелдегі отандастардың тарихи Отанына оралуға және Қазақстан қоғамына табысты интеграциялануға деген ынтасы артып келеді. Орталық қандастарға қажетті ақпараттық қолдау көрсетіп, олардың Қазақстанға қоныс аударып, сәтті бейімделуіне елеулі ықпал етіп отыр.

Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының деректері