Үшқұдықта Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтті

22 Сәуір 2025

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Өзбекстан Республикасының Науаи облысы, Үшқұдық ауданында бірқатар мәдени-көпшілік және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақ халқының ұлы ойшылының өмірі мен шығармашылығын ұлықтауға бағытталған бұл бастамалар ел арасында кең қолдауға ие болды.

Мыңбұлақ ауылындағы жалпы білім беретін мектеп базасында өткен танымдық іс-шараға аудан көлеміндегі қазақ мектептерінің оқушылары белсене қатысты. Шараны мектеп директоры Ерлан Қонарбаевтың бастамасымен ұжым бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараның шымылдығы “Абай – дана, Абай – дара” атты жыр бәйгесімен ашылды. Бұл байқауда оқушылар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп оқып, ақын шығармашылығына деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. №1, 2, 4, 11 және 12 мектептерінен келген оқушылардың өнері әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Жыр бәйгесінің жеңімпаздары:
 • І орын – №11 мектептің 9-сынып оқушысы Өсерова Балжан
 • ІІ орын – №11 мектептен Айтбаева Ақерке және №12 мектептен Бекмұратова Балым
 • ІІІ орын – №11 мектептен Кеңесбаев Нұршат және №12 мектептен Бекмұратова Гүлниса


Бұдан бөлек, жастарды өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылған «Бала дауысы» атты ән байқауы да көрермендердің көңілінен шықты. Байқауға аудан мектептерінен келген 8 жас өнерпаз қатысып, Абай мұрасына арналған әндерді шырқап, өз дарынын паш етті.

Ән байқауының жүлдегерлері:
 • І орын – Құлқұдық ауылы №1 мектептің 6-сынып оқушысы Ғаниев Нұрладин
 • ІІ орын – №11 мектептен Өсербаева Балжан мен Ақмұрзаев Нұргелді
 • ІІІ орын – №2 мектептен Жарымбетова Іңкәр және №11 мектептен Құлманов Нұрбала


Сайыс соңында жеңімпаздар мен қатысушылар естелік сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапатталды.

Абайдың ұлағатты мұрасы – ұлт руханиятының темірқазығы. Осындай игі шаралар жас ұрпақтың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.

Автор: Райхан Қадырова, Гүлдана Төреханқызы
Өзбекстан Республикасы

Үшқұдықта Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтті