Корея Республикасында Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақтарының II кіші Құрылтайы өтті

10 Сәуір 2025

2025 жылғы 5-6 сәуір аралығында «Qazaq Nomad» қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен және ҚР Корея Республикасындағы Елшілігі мен «Отандастар қоры» КеАҚ қолдауымен Корея Республикасының Сеул қаласында Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың II кіші Құрылтайы өтті.
Құрылтайға Корея, Малайзия, Жапония, Қытай және Моңғолия елдерінен 200-ге жуық отандастарымыз қатысты. Құрылтайдың ашылуынан бастап әр отырысында Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың мәдени, экономикалық және рухани ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған түрлі мәселелер кеңінен талқыланды.
Құрылтай аясында қазақ кітаптары мен қолөнерші, суретші Ақмарал Бахитованың ұлттық нақышта салынған картиналар көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттауға және ұлттық өнердің ерекшеліктерін шетелдік көрермендерге таныстыруға бағытталған ерекше шара болды. Көрме қонақтары қазақтың бай мәдени мұрасын өнер туындылары арқылы тереңірек танып, ұлттық өнердің заманауи интерпретацияларына куә болды.

Құрылтайдың ашылуында ҚР Корея Республикасындағы Елшісі Арыстанов Нұрғали Алмасбайұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров және Сеулдегі «Qazaq Nomad» қазақ қауымдастығының өкілі Жанесенов Турлан сөз сөйледі.
Елші өз сөзінде құрылтайдың шетелдегі қазақ мәдениетін дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол қазақ диаспорасының мәдени бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы осындай іс-шаралардың маңызды екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, құрылтайдың Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосатын үлесі зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта қазақ диаспорасы өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылатын мәдени жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді. 
Данияр Қадыров құрылтайдың басты мақсаты – шетелдегі отандастармен байланысты арттырып, бірлікті нығайту екенін айтты. Ол Отандастар Қорының шетелдегі отандастарды қолдау бойынша жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндап, Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы жолындағы мәдени бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

 

Жанесенов Турлан өз сөзінде Кореядағы қазақ жастарының бірлігін арттыруға бағытталған жобалар туралы айтып, құрылтайдың шетелде ұлттық мәдениетті сақтап қалудағы маңыздылығына тоқталды.
Құрылтайдың бірінші күні қазақ мәдениетін насихаттау, ұлттық дәстүрлерді шетелде сақтау және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пленарлық отырыстар өтті.

  • Светлана Айтбаева – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, өз сөзінде қазақтың зергерлік өнерінің байлығын, оның рухани мәдениеттегі рөлін жан-жақты талдады. Ол ұлттық зергерлік бұйымдардың көркемдік және әлеуметтік маңызына тоқталып, оларды заманауи дизайнда қолданудың жаңа әдістерін ұсынды.
  • Айгерим Мусагажинова – Этнограф, ғалым, «Қазақтың бірегей тағамдары» кітабының авторы. Айгерим Мусагажинова қазақтың дәстүрлі тағамдарының ерекше қасиеттері туралы баяндама жасап, қазақтың ас мәзірін сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Ол ұлттық тағамдарды заманауи тағам мәдениетіне енгізу арқылы қазақтың дәстүрлі аспаздық өнерін насихаттаудың тиімді жолдарын ұсынды.
  • Сон Ёң Хун (Son Young-Hoon) – Хангук шет тілдер университетінің Орталық Азиятану кафедрасының профессоры. Өз сөзінде қазақ тілі кафедрасының ашылуы қазақ мәдениетін зерттеу мен насихаттауда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Профессор Сон кафедраның ашылу тарихымен бөлісе отырып, қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан студенттердің жетістіктерін де атап өтті. Оның айтуынша, Хангук шет тілдер университетінің студенттері қазақ тілін меңгеру барысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл студенттер тек тіл үйреніп қана қоймай, қазақтың мәдениетін, әдебиетін және салт-дәстүрлерін де терең игеруге ұмтылады.
  • Абзал Арықбаев – Тұран этно-фольклорлы ансамблінің қалаушысы, Арқайым тобының мүшесі, QSANDYQ музыкалық қосымшасының арт-директоры. Ол қазақ этно-музыкасын заманауи форматта насихаттау қажеттілігі туралы айтып, қазақ күйлері мен дәстүрлі әуендерді мобильді қосымша арқылы көпшілікке жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынды.
  • Жұбаныш Жексенұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың музыкалық мұрасын сақтау және дамыту бағытындағы жобалары туралы баяндама жасап, дәстүрлі әндердің мәдени-рухани құндылығын атап өтті.
  • Данияр Кельбетов – АХҚО Қаржы өнімдері жөніндегі бас директор, Басқарма мүшесі. Данияр Кельбетов Қазақстанның креативті экономикасын дамытуға арналған жобалар туралы баяндама жасап, шетелдік инвесторлармен серіктестікті арттыру жолдарын ұсынды. Ол АХҚО-ның халықаралық қаржы орталығы ретіндегі рөлін атап өтіп, Қазақстандағы креативті индустрияның жаһандық нарыққа ену мүмкіндіктерін талқылады.
  • Маржан Қадырова – Малайзиядағы қазақ орталығы өкілі, әлеуметтік медиадағы мазмұнды модерациялау бойынша топ жетекші. Маржан Қадырова цифрлық маркетинг саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, шетелдегі қазақ қауымдастығының әлеуметтік желілер арқылы байланысын нығайту жолдарын атап өтті. Ол Малайзиядағы қазақ диаспорасының бірігуіне бағытталған әлеуметтік медиа жобалары туралы баяндады.
  • Ким Юрий – «SoftBox» дыбыстау және дубляж студиясының негізін қалаушы. Ким Юрий медиа индустриясындағы қазақ мәдениетін таныту мәселелеріне тоқталып, дубляж саласындағы заманауи тәжірибелермен бөлісті. Оның пікірінше, қазақ мәдени өнімдерін халықаралық нарыққа шығару арқылы ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға болады.

Құрылтай аясында «Отандастар қоры» КеАҚ пен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен алғаш рет шетелде қазақ тілінің шешендік сайысы өтті. 
Хангук шет тілдер университетінің жеті студенті қатысып, екі елдің мәдениеті, салт-дәстүр ұқсастықтары мен Абай шығармашылығы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Сайыстың қазылар алқасына Қазақстанның халық әртісі Қанат Айтбаев төрағалық етті.

Бірінші орынды Хангук шет тілдер университетінің 2-курс студенті Ли Со Ён жеңіп алды.
"Мәдениет саласында жақынырақ болу үшін жиі кездесіп, сөйлесу керек деп ойлаймын. Мен қазақ тілін жақсы үйреніп, екі ел арасында жақсы қарым-қатынас жасауға үлес қосқым келеді," - деді Ли Со Ён
Шешендік сайыс жеңімпазы Ли Со Ёнға Air Astana мен Pana қонақүйлер желісінің демеушілік етуімен Сеул-Алматы-Сеул бағыты бойынша ұшақ билеті және еліміздің туристік орындарында орналасқан қонақүй ваучері табысталды. 
Бұл сыйлық Ли Со Ёнға Қазақстанға барып, қазақ тілін одан әрі жетілдіруге және еліміздің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

.Құрылтайдың екінші күні Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді.
Мерекелік шара барысында ашық алаңда Отандастар қорының «Қоржын» жобасы аясында Кореядағы отандастарға сыйға тартылған алты қанатты киіз үйі орнатылды. Киіз үйдің жанында ұлттық киімдер мен суреттер көрмесі қойылып, қазақтың дәстүрлі мәдениеті кеңінен насихатталды. Киіз үйдің көрінісі мен ұлттық нақыштағы заттар мерекеге жиналған көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. 
Наурыз мерекесі аясында қазақтың дәстүрлі ойындары да ойнатылды. Құрылтай қонақтары асық ату, арқан тарту, ләңгі және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарға белсене қатысып, қазақтың дәстүрлі спорттық ойындарын ерекше ықыласпен қабылдады. 
Мереке аясында танымал этнограф, Айгерим Мусагажинованың жетекшілігімен «Қазақтың дарқан дастарқаны» атты шеберлік сағаты өтті. Іс-шара барысында шетелде алғашқы рет қазақтың дәстүрлі тағамдарының бірі – түйе сүтінен жасалған балқаймақтың тұсаукесері өтті. Қатысушылар балқаймақтың дәмін татып, қазақтың бай аспаздық мәдениетіне тәнті болды. Айгерим Мусагажинова қазақ халқының дәстүрлі тағамдарының ерекшеліктері туралы баяндап, ұлттық тағамдарды дайындау мәдениетін заманауи тұрғыда насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. 
Наурыз мерекесінің мерекелік концерті де ерекше әсерлі өтті. Пусаннан келген қазақ студенттері мен жергілікті өнерпаздар ұлттық әндер мен күйлерді орындап, мерекелік кештің рухын көтерді. Концерттің көркін ашқан өнер ұжымы – Қазақстаннан арнайы келген «Арқайым» нео-этно-фольк тобы болды. Арқайым тобы ЮНЕСКО мұрасына енген Ортеке аспабында өнер көрсетті.

Сонымен қатар, белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұбаныш Жексенұлы, Қанат пен Светлана Айтбаевтар өз өнерлерін ортаға салып, қазақ әуендері көпшіліктің жүрегінде ерекше әсер қалдырды. 


Құрылтай шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеуге және болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға серпін берді.
Бұл құрылтай шетелдегі қазақ қауымдастығының бірлігін арттырумен қатар, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау мен экономикалық серіктестікті дамытуға арналған маңызды қадам болды. Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақ диаспорасының мәдени және экономикалық байланыстарын нығайту мақсатында бірқатар жобалар талқыланды.

«Отандастар қоры» КеАҚ

Корея Республикасында Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақтарының II кіші Құрылтайы өтті