Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» жұмысының бағыт-бағдарын қандастарға түсіндіру мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар ойларын ортаға салып, өздеріне көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы кеңесшісі Латифа Мұқашқызы қандастарға жылы лебізін білдіріп, шеттен келген ағайынға көмек көрсетілетінін атап өтті. Қарағанды филиалының басшысы Меруеш Башайқызы қойған сұрақтарға жауап беріп, жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Алтын Мәденқызы Ақмола облысында қандастарға арнап квота бөлінгенін хабарлады.
«Қадірменді қандастар, көптен аңсап күткен Атажұртқа келіп, табан тіредіңіздер. Ел іші алтын бесік, даладай дархан қазақ халқы құшағын айқара ашты, жатсынбады. Қазақстанның қай аймағында тұрамын, қайдан үй сатып аламын, кәсіп ашып, немен айналысамын десеңіз де еркіңіз, таңдау құқығы өзіңізге берілген. Көңілге бір демеу, Сіздер ұрпақ қамы, балаларыңыздың болашағы үшін елге келдіңіздер. Бұл айтуға оңай болғанымен үлкен тәуекелді, ерік-жігерді қажет етері сөзсіз. Елге көшеміз деп шешім қабылдағанда бүкіл жағдайды ескеріп, бәрін таразыға салып, қашан орналасып, белгілі бір жерге табан тірегенше қандай қиындықтар болатынын ескердіңіздер. Алланың берер несібесі қай елде өмір сүрсеңіз де бірдей. Квота бөлінген бес облысқа көшіп барсаңыздар қаншама жеңілдіктерге ие боласыздар, - деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола облысы филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы.