Жетісу жеріндегі жүздесу

13 Ақпан, 2020

Талдықорғандағы Достық үйінде «Отандастар қорының» Бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің өкілі Анас Ахатұлы және Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Зауытұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның Алматы облыстық фронт офис сарапшысы Серікхан Қалибекұлы кездесу өткізіп, фронт-офистің жұмысымен таныстырды.

Аталған жиынға қандастарымыз көптеп шоғырланған Ақсу, Ескелді, Көксу аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Білім беру, Ішкі саясат, ХҚКО  басқарамасының басшылары,  «Нұр Отан» партиясының басшылығы, Көші-қон қызметінің өкілдері қатысты. Мекеме басшылары атқарылып жатқан жұмыстарын айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Көші-қон квотасын ала алмай қалғандарға қандай көмек көрсетіледі?», «Қазақстанның солтүстік облыстарына көштің басын бұру бойынша туындаған қиындықтарды қалай шешуге болады?», «Егістік пен жайылым ала алмай жүрген қандастрымыздың өтінішін қайтеміз?»,  «Ауылдық жерлердегі мал ұстау мәселесі қалай шешілмек?», «Методикалық құжат бола ма?» деген сұрақтар қойылып, тиісті  жауап та берілді. Осы орайда қоғамдық қабылдауға  келген қандастарымыз өздеріне керек жауабын алды.

«Шетелден келген қандастарымызға  бірлесе отырып көмек берсек, демографиялық саясатымыздың ары қарай өркендеуіне, Қазақстанымыздың көркеюіне қосқан бірден-бір үлесіміз болар еді. Тезірек сіңісіп, өз елінде жүргендігін сезінетіндей жағдай жасауымыз керек. Атамекеніне оралған қандастарымызды құшақ жая қарсы алып, қолымыздан келген жағдайын жасап берсек  керемет болар еді», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар қоры» КЕАҚ Алматы облыстық фронт офисінің сарапшысы Серікхан Қалибекұлы.

«Өзге елден  «Қазақстаным»  деп оралған бауырларымызға  қашанда көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл біздің ұлттық парызымыз. Сол себепті «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші «Отандастар қоры» фронт офисіне жүгінген қарапайым халыққа, яғни басқа мемлекеттен оралған қандастарымызға фронт-офистің атқаратын қызметін айтып, шешілмей жатқан мәселені тікелей айтсаңыздар болады», - деді жиын барысында Анас Ахатұлы.

Жетісу жеріндегі жүздесу