Қоғам Президентінің Мәскеуге жұмыс сапары аясында ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен 22 мамырда Ресейдегі қазақ диаспорасы белсенділерінің қатысуымен кездесуі өтті.
Аталмыш шараға тек Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Екатеринбург қалаларынан 50-ге жуық отандасымыз қатысты. Олардың арасында қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері, қоғам белсенділері, зиялы қауым және жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Кездесу барысында Д. Қадыров:
«Мәскеу қаласында сіздермен қауышқаныма шын жүректен қуаныштымын. Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы бұрыннан тарихи тұрғыдан жалғасып келе жатыр. Отандастар қоры екі ел арасындағы достықты мәдени-гуманитарлық бағытта нығайтуға өз үлесін қосатын болады. Осы ретте, Ресейдегі қазақ диаспорасының маңызы өте зор. Біз Ресейдегі қазақ диаспорасына қатысты әрбір ұйыммен ресми және ашық түрде жұмыс жасауға дайынбыз» - деді.
Жиынға қатысушылар Қоғамның жаңа басшысымен танысып қана қоймай, өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізуге мүмкіндік алды.
Қандастар арасында қазақ тілін үйрену, ұлттық мәдениетті дамыту, салт-дәстүрлерді ұстану, ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтаудан бастап, қазақ тіліндегі оқулықтар, балаларға арналған жазғы лагерь, танымдық әдебиеттер сынды өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, басқосуда «Отандастар Қорының» қызмет ауқымын кеңейтіп, Қоғам ұйымдастыратын жазғы лагерьде орын санын арттыру, офлайн қазақ тілі үйірмелерін ашу және шетелдегі қазақ диаспорасына байланысты зерттеулер жүргізу секілді ұсыныстар да ортаға салынды.