Моңғолиядан келген қандас бүлдіршіндер халықаралық байқауда топ жарды

20 Ақпан 2024
  • 18 ақпан Елорда төрінде ҚР Би спорты федерациясының ұйымдастыруымен «Қазақстан гүлдері – 2024» атты халықаралық би байқауы өтті. Таланттылардың басын қосқан тартысты додаға Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан 40-қа жуық этникалық қазақ балалары қатысты. «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» демекші, байқауға қатысқан 800 қатысушы арасынан топ жарған этникалық қазақ балалары қанжығаларына төрт бірдей «Бас жүлдені» байлады. Үздік өнер көрсетіп, қазылар алқасының көңілінен шыққан төрт топқа алғыс хаттар мен естелік медальдар табысталды.

«Би үйірмесі биыл 26 жыл жұмыс істеп келеді. Баян-Өлгейде 11 мың бала би үйірмесіне қатысып жатыр. Біз жыл сайын балаларды дайындап, сайыс өткізіп, шетелге, басқа қалаларға бидің сайысына әкелеміз. Биыл Астанаға алғаш рет келіп тұрмыз. Біз өте қуаныштымыз. Қазақстан бізді жақсы қарсы алды. Сайысымыз нәтижелі болды» – деп қуанышын жеткізді би үйірмесінің жетекшісі Айнұр Юрақызы.

  • Бас қалаға алғаш келген бүлдіршіндер «Отандастар қорының» қолдауымен Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделін биіктетіп, мемлекеттің мерейін асырған «EXPO-2017» көрмесімен танысты. Әсіресе NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы оқушыларды ерекше тәнті етті.

  • Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей – елорда төрінде орналасқан ҚР Ұлттық музейі. 18 залдан тұратын музей кешені көне дәуірді бүгінге жалғаған алтын көпір іспетті. Әрбір жәдігерге үңіліп, тарихтың терең сырына бойлап кеткен оқушылар таңданыстарын жасыра алмады.

  • Астананың, егемен еліміздің символына айналған сәулет өнерінің бірегей туындысы «Байтерек» монументін аралаған оқушылар айшықты қаламызға биіктен көз тастап, тыныштық пен бейбітшілік тұғырына аялы алақандарын басып, суретке түсті. Қаламыздың көрікті жерлеріне жасалған мәдени экскурсия мәнді де, мағыналы өтті. Сонымен қатар балалардың әрқайсысына түрлі жанрдағы кітаптар сыйлық ретінде үлестірілді. «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы балалармен кездесіп, жарқын жеңістерімен құттықтап, көк туымызды табыс етті. Алдағы уақытта қоғам ұйымдастыратын іс-шараларға белсене қатысуға үндеп, шығармашылық табыс тіледі.

  •  
  • Атажұрттағы алғашқы жеңісі барша отандастарға құтты болсын!
  •  
  • Байқауға 2 кіші, 2 үлкен топ қатысты:
  •  
  • 1. «Бала-ойыны» (10-12 жас)
  • «Нұр-Сая» халық би тобы
  • Жетекшісі: Минап Кенжегүл

  • 2. «Қымызшы кыз» (6-9 жас)
  • «Мұрагер» халық би тобы
  •  Жетекшісі: Плей Нуртуган

  • 3. «Дээд – Монгол» (13-15 жас)
  • Жетекшісі: Юрай Айнур

  • 4. Моңғол ардын бүжиг (халық биі) (13-15 жас)
  • «Құралай» халық би тобы
  • Жетекшісі: Юрай Айнур

Моңғолиядан келген қандас бүлдіршіндер халықаралық байқауда топ жарды