Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отырған әлемдік брендтер

Кеше

Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантұров Қазақстанда өз өндірістерін ашуды жоспарлап отырған әлемдік компанияларды атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

«Шын мәнінде, көптеген компаниялар көшуді жоспарлап отыр және кейбірі қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Кейбіреулері бұл туралы ресми түрде жарияламағанымен, біз олармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мысалы, Mars компаниясы ірі жобалардың бірін әзірлеуде, сондай-ақ Pepsi компаниясы да бар», — деді Ә. Қуантұров Сенаттағы брифинг барысында.

Ол америкалық компаниялардан бөлек, Парсы шығанағы елдерінен, Түркия мен Қытайдан шыққан әлемдік брендтер де өз қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті.

«Жақын уақытта AstraZeneca атты әлемдік компанияның өндірістік желісі іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл компания онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын дәрілік заттарды өндіретін болады. Жуырда Ұлыбританияға жасаған сапарымыз барысында біз Кембридж қаласындағы олардың кеңсесінде болдық. Олар бұл жобаға үлкен қызығушылық танытып отыр және өндіріс желісінің ашылуы таяу уақытта жүзеге асады деп күтілуде. Pfizer компаниясына да осы сипаттағы жоспарлар тән», — деді вице-министр.

Сондай-ақ ол ірі компаниялар жер қойнауын пайдалану саласына тек өндіру мақсатында ғана емес, өңдеу бағытында да қызығушылық танытып отырғанын айтты.

«Бұл, мысалы, жүгеріні терең өңдеу — Fugeng компаниясы (Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін индустриялық парк салу көзделуде — ред.), сондай-ақ Dalian компаниясы. Бұлардың барлығы — әлемдік ауқымдағы өндірушілер. Демек, брендтер жеткілікті. Оларға Қазақстан нарығы өте тартымды. Мұның барлығы — жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері. Сонымен қатар, бұл — жаңа құзыреттер мен технологиялар. Бұрын кейбір компаниялар технологияларымен бөлісуге онша ниет білдірмеген болса, қазір біз оларға тиісті жағдай жасап отырмыз, олар өздері мүдделі. Ең бастысы — әлемдік брендтері бар компаниялардың кооперативтік саясаты жергілікті өндірісті дамытуға, отандық өндірушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алуға және жергілікті халықты кеңінен тартуға бағытталған», — деді Ә. Қуантұров.

Бұған дейін Қазақстанда ресейлік қатысы бар 23 мыңнан астам компания жұмыс істейтіні хабарланған болатын.

Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отырған әлемдік брендтер