Kazinform агенттігі Өзбекстан Президентінің жарлығына сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты келіссөздерді үш айдың ішінде бастауы тиіс.
Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёев АҚШ-қа кірген кезде өзбекстандық азаматтар үшін визалық режимді жеңілдету шараларын қабылдауды тапсырды. Оның «2025–2026 жылдары туристер легін күрт арттыру және туристік қызметтер көлемін шұғыл кеңейту, сондай-ақ туризмнің экономикадағы рөлін және маңызын арттыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығында айтылғандай, Сыртқы істер министрлігіне үш айдың ішінде АҚШ азаматтарына Өзбекстанға 30 күн мерзімге визасыз кіру тәртібін енгізу және өзбекстандық азаматтардың АҚШ-қа кіруіне арналған визалық талаптарды жеңілдету бойынша келіссөздерді бастау және аяқтау туралы ұсыныс енгізу тапсырылды.
Бұдан бөлек, Өзбекстан аумағына ішкі құжат немесе жеке куәлікпен (ID-карта) кіру тәртібін енгізу жоспарлануда. Бұл, соның ішінде, 16 жасқа толмаған азаматтарға арналған «балалар паспортына» да қатысты. Аталған ереже Ресей, Қазақстан және Әзербайжан азаматтарына 30 күнге дейінгі мерзімге қолданылады.
Бұған дейін хабарланғандай, Президент жарлығына сәйкес 2025 жылғы 1 маусымнан бастап Бахрейн, Кувейт және Оман азаматтарына 30 күндік визасыз кіру тәртібі енгізіледі. Құжатқа сәйкес, республика аумағына 15,8 миллион шетелдік туристің келуі жоспарлануда, сондай-ақ туристік қызметтердің экспортын 4 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру көзделіп отыр.