25 қазан – Республика күні

24 Қазан, 2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады.

«Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні құтты болсын! Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты»,-деді мемлекет басшысы.

1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Қазақстанның егеменді ел болуына бастамашы болған бұл құжатта алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты маңызды мемлекеттік қағидаттар жазылды.

Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітіліп, ҚазКСР-на өз әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығы берілді.

Содан бастап жыл сайын Республика күні аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда атаулы күнге Ұлттық мереке мәртебесі берілді, 2001 жылы Мемлекеттік мереке болып өзгертілді. 2009 жылы сәуір айынан бастап мерекелер қатарынан мүлде шығарылып тасталды.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен25 қазан Республика күні Ұлттық мереке болып қайта жаңғырды. Осылайша «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленді.

Мерекеге орай биыл Астанада 200-ден астам мерекелік іс-шара өткізілмек. Оның ішінде мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрікті жерлерге экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер өткізу, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына азық-түлік себетін тарату сияқты шаралар бар.

Qazalem.kz

25 қазан – Республика күні