Осы аптада Люксембургке жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Тереза Червинскаямен кездесті, деп хабарлайды Каzinform.
Кездесу барысында тараптар өзара мүдделі мәселелердің кең ауқымын, атап айтқанда инвестициялық және технологиялық жобаларды Қазақстанда жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
ҚР СІМ басшысы Еуропалық инвестициялық банктен қаражат тартуға және Астанада кеңсені тезірек ашуға мүдделі екенін атап өтті.
Бұл әрекеттер Банктің инвестициялық портфелі мен аймақтағы қатысуын айтарлықтай кеңейте алады. Ол сондай-ақ ЕИБ-ді «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен «жасыл» қаржыландыру және инновациялармен алмасу саласындағы тығыз ынтымақтастықты қарастыруға шақырды.
Тараптар арнайы жұмыс тобын құрып, егжей-тегжейлі инвестициялық ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуге келісті.
Өз кезегінде ЕИБ вице-президенті Тереза Червинская Каzinform агенттігіне берген түсініктемесінде қазақстандық делегациямен кездесу барысында Қазақстанның Орталық Азиядағы Еуропалық инвестициялық банк үшін шешуші ел екені баса айтылғанын мәлімдеді.
Банк жалпы сомасы 269,5 млн еуроны құрайтын төрт несие берді. Бұл жобалар жергілікті шағын және орта кәсіпорындарды қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жергілікті жеке сектордың дамуына қолдау көрсетеді, сонымен бірге оларды қоршаған орта үшін тұрақты және қолайлы іс-шараларды жүзеге асыруға ынталандырады.
Болашақта Банк ЕО мен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің, сондай-ақ «Жаһандық қақпа» бағдарламасының қағидаттары мен басымдықтарына сәйкес Қазақстанға инвестицияларды қолдауға баса назар аударады, деп атап өтті ЕИБ вице-президенті.