Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс– Мемлекет басшысы

17 Наурыз 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде туризмді дамыту өңірлердің экономикалық өсімі үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

– Келесі мәселе. Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ әр өңірде осындай «якорлық» мәдени-туристік іс-шаралардың тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын және олардың дәстүрлі әрі күтілетін оқиғаларға айналғанын атап өтті.

– Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет. Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс– Мемлекет басшысы