Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

02 Сәуір, 2024

Бокс: Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен бокстан «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Отандастарымыздан Талғат Сырымбетов (60 кг), Дархан Дүйсебай (71 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) топ жарса, әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Тимур Қабдеш (54 кг) күміс, Бақтияр Смағұлов (67 кг) және Бекзат Таңатар (86 кг) қола жүлдеге ие болды.

Дзюдо: Анталияда (Түркия) мәресіне жеткен дзюдодан «Үлкен дулыға» турнирінде отандасымыз Әбиба Әбужақынова (-48 кг) қола жүлдегер атанды. Қазақстандық дзюдошы жүлде жолында Сабина Гилязовадан голден-скорда басым түсті. Қарсыласы 3 ескерту (шидо) алуына байланысты жеңіс Әбибаға берілді.

Шахмат: Блиц шахматтан 2 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Swiss Queens Wednesday онлайн турнирінде топ жарды. Ұлттық құрама көшбасшысы 11 турда 10,5 балл жинап, өзінен кейінгі шахматшыдан 2 ұпайға озып кетті.

Теннис: Қазақстан теннисшісі Александр Недовесов Испанияның Жирона қаласында ұйымдастырылған челленджер турнирінің жұптық сынында чемпион атанды. Жерлесіміз эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге финалда франциялықтар Хонатан Эйссерик пен Альбано Оливетти жұбын 7:6 (7:1), 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Үстел теннисі: Ливанда өткен үстел теннисінен WTT Feeder Beirut халықаралық турнирінде Қазақстан спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Алан Құрманғалиев 19 және 17 жас аралығындағы бәсекеде үздік шықса, Кирилл Герасименко күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Арнұр Оралханов – Жанерке Көшкімбаева жұбы, Нұрислам Қасым, Нұрдәулет Азаматұлы және Жанерке Көшкімбаева қола жүлдеге ие болды.

Велоспорт: Сербияның Пожаревак қаласында өткен Serbia epic ŠKODA POŽAREVAC XCO тау велосипедінен халықаралық турнирде қазақстандық Алина Сарқұлова күміс жүлдегер атанды. Оның уақыты 1:30:06 болды.

Көркем гимнастика: Айбота Ертайқызы Францияның Тье қаласында өтіп жатқан Гран-при кезеңінде үш медаль алды. Лентамен жаттығу финалында ол күміс жүлдегер атанды (31.4 ұпай). Бұған дейін отандасымыз  шығыршықпен жаттығуда «күміс» және доп финалында «қола» медаль иегері атанған болатын.

 

gov.kz

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі