Шет елдерде қазақ пен өзбек мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуда диаспора әлеуетін қолдану туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Өзбекстанның «Ватандошлар» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды» - деп хабарлайды «Отандастар қоры» КЕАҚ Баспасөз қызметі.
Өзбекстаннан арнайы келген «Ватандошлар» қоғамдық қорының делегациясы мен «Отандастар қоры» өкілдері ресми кездесу өткізді. Өкілдер екі елдің қолданыстағы заңнамасы мен мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес бірлесе жұмыс жасауға ниетті екендерін білдірді. Кездесу нәтижесінде Өзбекстан Республикасының делегациясын бастап келген, «Ватандошлар» қоғамдық қорының төрағасы Одилжон Бердимуратұлы Саттаров пен «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сондай- ақ, практикалық тәжірибе алмасу және қарым-қатынас жасау мақсатында өзара іс-сапарларын, бірлескен тағылымдамалар мен консультацияларды ұйымдастыру бойынша да келісімге келді.
2021 жыл құрылған «Ватандошлар» қоғамдық қорының мақсаты – шетелде тұратын Өзбек ұлтының өкілдерін тарихи Отанының төңірегінде топтастыру, олардың жүрегі мен санасында еліне деген мақтаныш сезімін ояту, ұлттық бірегейлігін сақтау, отандастар құрған қоғамдық бірлестіктерді қолдау. Түрлі салада еңбек етіп жүрген отандастарының әлеуетін Өзбекстанның дамуына тиімді бағыттау.
Мақсаты ұқсас қос мекеме басшылары бұған дейін Өзбекстандағы Қазақ қоғамдық ұйымының 30 жылдық мерей тойы аясында Ташкентте де бас қосқан болатын. Сонымен қатар екі бауырлас ұйым Түркі мемлекеттер ұйымы диаспора саласындағы ынтымақтастық бағытында өзара тәжірибелерімен бөлісуде.