«Отандастар Қоры» КЕАҚ мәдени-гуманитарлық жобалар департаменті 28.11.2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық «Отандастар. Болашаққа бағдар» дөңгелек үстелі аясында панельдік сессия ұйымдастырды.
Сессия барысында «Қазақ үйі» ҚМІҮ шеңберінде «Абай» мәдени орталығы жобасының таныстырылымы өтті және «Қазақ үйінің» қамқорлығымен шетелдегі «Абай» мәдени орталықтары желісінің жұмыс форматы талқыланып, бірлескен жұмыстың нақты ұсыныстары әзірленді. Сонымен қатар, шет елдерден жиынға арнайы шақырылған қандастарға «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі, жастарға арналған шығармашылық конкурс, қазақстандық әртістердің шетелдегі концерттері, «Отандастар» кітапханасы, сондай-ақ отандастарға, оның қатарында қандас жастарға арналған білім беру, киелі орындар бойынша саяхаттар, Назарбаев зияткерлік мектептері және «Балдәурен» базасындағы жазғы лагерьлер бойынша толыққанды ақпарат берілді. Шет елдерде тұратын танымал қандастар туралы «Қазақ әлемі» - «Мир казахов» атты әрбірі 2 томдық кітап жобасының және «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі таныстырылды.
Қордың Вице-Президенті Мағауия Сарбасов жиналғандарға «Абай» мәдени орталығының мақсат-міндеттері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Аманкелді Қожабек «Қазақстанның мәдени һәм тіл саясаты және шет елдерде қазақ тілі, мәдениеті мен өнерін өрістету», ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ғалым-хатшысы Төрегелді Тұяқбай «Қазақ әдебиетінің әлемдік желісін құру», Орталық Қазақстандық саяхат, қонақүй, мейрамхана және қолөнер істері ассоциациясының Президенті Майя Ақәділова «Қазақ ұлттық қолөнерін жетілдіру және еліміздің туристік тартымдылығын арттыру мәселесі бойынша отандастармен ынтымақтастықты дамытудағы үкіметтік емес сектордың ролі» жайлы айтып берді. Ал режиссер Тұрдыбек Майдан «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмін таныстырды.
Шет елдік қандастардан «Алтай өлкесінің қазақтары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Арқалық Солтанов «Абай» мәдени орталығы аясында қазақ диаспорасының мәдени қажеттілігін өтеу мүмкіндігі және шетелде ұлттық мәдениетті жетілдіру», Бельгиядағы қазақ қоғамының жетекшісі Ақмарал Әмірқұлова «Абай» мәдени орталығы аясында қазақ тілін меңгеру және сақтап қалу мүмкіндігі қандай?», Мәскеулік «Томирис» продюсерлік орталығының директоры Дамиля Тасмағамбетова «Қазақ әлемі» - «Мир казахов» 2 томдық кітап жобасының тұсаукесері - Шет елдердегі танымал қазақтар-жасампаз жастар туралы ойларын ортаға салды.
Жиынға қатысқан Франция-Париж қазақ мәдени орталығынң жетекшісі Махмұт Саваш, Кельн қаласындағы қазақ мәдени орталығының өкілі Садия Сюрер, Хьюстон қазақ мектебінің жетекшісі Қуатбек Мақұм, Мәскеудегі қазақ қоғамының өкілі Гүлзифа Жұманқызы, Түркиядағы Қожа Ахмет Иассауи қорының Президенті Ілияс Сака, Моңғолиядағы «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғылымхан Ермекейұлы, герман-қазақстандық қоғамының атқарушы директоры Галина Нұртазинова ұсыныс, тілектерін айта отырып «Абай» мәдени орталығынан зор үміт күтетіндерін жеткізді.