2020 жылдың 27-тамызында «Отандастар қоры» шетелден қоныс аударған қандастарымызға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және ыхтиярхат алу қағидаларын нақтылап түсіндіру мақсатында онлайн видеоконференция өткізді.
Іс-шараға Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Болат Зауыт, облыстардағы Қоғамның фронт-офис өкілдері және де Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жақыпова Жанар Ерланқызы арнайы қатысты.
Онлайн форматында өткен жиын барысында Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Болат Зауыт «Қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұру үрдісіндегі туындайтын мәселелері» туралы баяндап өтті.
Өз кезегінде Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Жанар Ерланқызы қордаланған мәселелерге заң аясында жауап беріп, болашақта дайындалып жатқан «Бір терезе» қағидасы тақырыбында сөз қозғады.
Аталған видеоконференцияға қатысушы қандастарымыз көші-қон үрдістерінде туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, пікірлерін ортаға салды. Видеоконференция барысына айтылған маңызды мәліметтермен таныс болуы үшін «Отандастар қорының» Facebook парақшасында сақталған тікелей эфирді мына сілтеме арқылы тамашалауға болады: https://clck.ru/QZHz5