2020 жылдың 24 тамыз күні Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде халықаралық «Аltyn kópir» фестивалінің онлайн форматта ашылу салтанаты өтті.
Фестивальдің мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтауға, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру арқылы Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен тығыз мәдени-әлеуметтік байланыстарды орнату. Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету.
Онлайн форматта өткен жиынға «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Дидар Болат та қатысты. Ол кездесу барысында «Отандастар қоры» жастар үшін жүзеге асырып жатқан жобалармен таныстырып, қандастар мен шетелдегі қазақ диаспорасына арналған білім бағдарламалары туралы ақпарат берді.
Аталмыш іс-шара қазақ диаспорасының жас өкілдерінің, соның ішінде жоғары оқу орындарының белсенді және көшбасшы студенттерінің, қоғамдық пікір көшбасшыларының, фотографтардың, видеографтардың, тілшілердің, қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерінің қатысуымен биыл 24-30 тамыз күндері өтеді. Сондай-ақ, шараға жергілікті лингвист ғалымдар, өлкетанушылар, қол өнер бағытында қызмет ететін кәсіби мамандар, тарих мамандары және жастар қоғамдық ұйымдары көшбасшылары тартылады.
Фестиваль аясында онлайн форматында облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұражайына саяхат, ұлттық музыкалық аспаптардің бірі домбыраны жасауды ұйрету, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлерін жасау бойынша шеберлік сабақтар, спорттық-сауықтыру шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Абай және Пушкин» және «Жетістікке жету формуласы» тақырыптарында сұхбат алаңдары, қазақ тілін оқыту курстары өткізіледі.