«Отандастар қорының» жанында Қандастарға қолдау көрсету орталығы жұмыс істейтіні көпшілікке мәлім. Бүгінде Қазақстанның 10 облысында осы орталықтың өкілдері бар.
Осыған дейін қандастарға сапалы қызмет көрсетіп, мәселелерін нақты шешу үшін жұмыс істеп жүрген кәсіби мамандарымызбен таныстыру мақсатында жаңа айдар арнаған едік. Сонымен таныс болыңыздар – Алматы облысы бойынша Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының сарапшысы Ахметов Серікхан Қалибекұлы.
Серікхан Ахметов 1960 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында туып, өскен. Алматыдағы қазіргі Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің ағылшын тілі факультетін бітірген.
Отбасылық жағдайы - әйелі Намазбаева Галина жоғарғы оқу орнында ағылшын тілінен сабақ береді. Балалары - жоғары білімді мамандар, әр салада қызмет атқарады.
Студент кезден өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. 1985 жылдан 2016 жылға дейін тележурналистика саласында, «Қазақстан» телеарнасында қызмет атқарды. «Құс жолы», «Төрт құбыла», «Елдестірмек елшіден» атты авторлық бағдарламалары алтын қорда сақтаулы. Ең алғаш теледидарда «Қадір түнін» ұйымдастырып жүргізді. Бокстан әлемге әйгілі Стивенсоннан тікелей эфирде алғаш болып ағылшын тілінде сұхбат алды.
Қазақстан журналистер одағы сыйлықтарының иегері, ҚР-ның мәдениет қайраткері. Әр жылдары «Қазақстан» телеарнасының бас редакторы, «Жетісу» телеарнасының бас директоры қызметтерін атқарды. 2017 жылдан бері «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» Алматы облыстық бөлімінде қандастар мәселесін шешу, ұйымдастыру жұмыстарын атқарып келеді.
Қандастар мәселесімен айналысу - жауапкершілігі мол, табандылық пен біліктілікті қажет етеді. Ахметов Серікханның айтуынша, оның басты мақсаты - жүйелері басқа, әртүрлі елден келген қандастардың ортаға орнығып, сіңісіп кетуіне ықпалдасып, соларға қамқорлық көрсетіп, қол ұшын беру.