17 сәуірі күні С. Торайғыров атындағы ПМУ Foundation факультетінің ұйымдастыруымен дайындық бөлімдеріне арналған РОӘК оқу-әдістемелік бірлестігінің алғашқы отырысы өтті. WEBEX платформасында өткен онлайн-жиынға ұлты қазақ шетел азаматтарын оқытатын 24 жоғары оқу орындары мен «Отандастар қоры» қатысты.
«Отандастар қоры» КеАҚ Білім бағытының жауапты қызметкері Нұрымжан Жұмағазиев Foundation факультеттерінің дайындық бөлімдеріне арналған РОӘК оқу-әдістемелік бірлестігінің алғашқы отырысына қатысты. Ол іс-шара барысында кәсіптік бағдар беру жұмысына байланысты және оқу сапасын арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ отырыс барысында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің карантин кезіндегі қашықтан оқыту технологиялары бойынша тәжірибесімен факультеттің декан орынбасары А.Ж. Дюсенова бөлісті.
Қазіргі әлемде және елімізде болып жатқан жағдайға байланысты басқа оқу орындары да өз тәжірибесімен бөлісті. Мысалы, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ дайындық бөлімінің жетекшісі Қ.С. Құлманов университеттің жұмыс істеу ерекшеліктері туралы айтса, М. Әуезов атындағы ОҚМУ мен Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Foundation» орталығы да дайындық бөлімдерінің жұмысын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. Сонымен қатар, өз пікірлерін Атырау, Алматы, Петропавл, Өскемен, Тараз және Шымкент қалаларының да өкілдері білдірді.