Қазақ қызы Франция депутаты болып сайланды

19 Наурыз, 2020

Қазақ халқының атамекені байтақ даламыз, аспанға тіреу болған тауларымыз, көңіліміздей тұнық өзен-көліміз, ит тұмсығы өтпес орманымыз тәңірдің бізге берген сыйындай. Осындай киелі топырақта дүниеге келген әр қазақ баласының ақылы асқар тау, білімі телегей теңіз.

Олай дейтініміз әлемнің әр түкпіріндегі қазақ баласы өз күшімен талай-талай белесті бағындырды. Жүрегіміз жарылардай бақыт сыйлаған келесі қуанышты әлеуметтік желі қолданушылары мен бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты.

Мәңгілік адам жанына араша түсуді мақсат еткен Франциядағы қандасымыз Жанар Төребаева «француздардың халық қалаулысы» атаныпты. Ол осыған дейін Франция денсаулық сақтау Кеңесінің мүшесі қызметін де жемісті атқарған еді. Жанар Төребаева Қазақстаннан шыққан тұңғыш гериатр, яғни қарттарды емдеу маманы. Қазіргі уақытта Бретания аймағының астанасы Ренн қаласында тұрады. Франция мемлекетіне тиесілі аймақтың өз заңы, парламенті жұмыс істейді. Аталған қала халқының жүрегінен орын алған қандасымыз муниципалитеттің депутаты атанды.

«Отандастар қоры» атынан Жанар Төребаеваның еңбек жолына сәттілік тілейміз. Шетте жүріп толағай табысқа жеткен қазақ қызы барша өскелең ұрпаққа үлгі. Білікті маман өз сұқбатында Қазақстан дәрігерлерімен әріптестік байланыс орнатуға әзір екенін атап өтеді. Өз білгенін отандық жас мамандарға үйретуге ниет білдіргеніне зор алғыс білдіреміз. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен берілген қарым-қабілетін өзіне сенім артқан француз халқының күткен үмітін ақтайды деген сенімдеміз!

Қазақ қызы Франция депутаты болып сайланды