Астана қаласы, 2026 жылғы 20 қараша. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен «Ұлы Дала» кітаптар сериясының жаңа топтамасының тұсаукесері өтті.
«Ұлы Дала» жобасы шетелде тұратын қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының еңбектерін Қазақстанда басып шығарып, ұлттық әдеби және ғылыми айналымға енгізуге, шетелдегі қазақ қауымдастықтарымен мәдени және зияткерлік байланысты нығайтуға бағытталған. Жоба аясында 2023-2025 жылдары 28 кітап жарық көрді. Биыл байқауға ұсынылған 11 шығарманың ішінен бес еңбек іріктеліп, баспадан шықты. Байқау жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы анықтады.
Жаңа топтамаға енген кітаптар:
– Рысбек Зұрғанбайұлы, «Моңғолия қазақтары: саяси нәубет және тарихи жады» – Моңғолия қазақтарының саяси қуғын-сүргін тарихы мен тарихи жадына арналған зерттеу;
– Әуелхан Жәзитұлы, «Құт мекенім – Қосағаш» – Ресей Федерациясы Алтай Республикасындағы Қосағаш өңірі қазақтарының тарихы мен туған жермен рухани байланысы туралы;
– Құлназар Ибрагимов, «Жыр өткелі» – Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің шығармашылық мұрасын отандық оқырманға таныстыратын жинақ;
– Сұлтан Жанболатов, «Таластағы тайталас» – Қытайдағы қазақ қаламгерінің әдеби мұрасын Қазақстанның мәдени кеңістігіне қайтаратын шығарма;
– Бәкей Ағыпар, «Микроэкономика» – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Моңғолия Ғылыми академиясының академигі жазған қазақ тіліндегі оқулық.
Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Отандастар қоры» КеАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы, кітап авторлары, оқырмандар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын қолдау және олардың еңбектерін кеңінен насихаттау мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Авторлар профессор Ағыпар Бәкей мен Рысбек Зұрғанбайұлы еңбектерінің жазылу тарихы мен мазмұны туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Әуелхан Жәзитұлының жұбайы Бесайдар Жатқанбаева сөз сөйледі.
Кітаптар ұлттық және республикалық кітапханаларға таратылды. Сонымен қатар электронды нұсқалары «Отандастар қоры» КеАҚ ресми сайтында орналастырылды.