21 жыл құжатсыз жүрген қазақ

06 Наурыз, 2020

Мен Болатхан Сагидолда 1977 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келдім. Бала жасымда әке-шешемнің қолында тәрбиеленіп, жалпы орта мектепте білім алдым. Әке шешем ерте қайтыс болып, ағайын туыстың қолында өстім.

Сонымен араға жылдар салып 1999 жылы жазда атамекенге оралдым. Алғаш Алматы облысына келіп жерлестерді паналап жүріп, әр түрлі жұмыста істедім. Оқуға түсуді армандап құжаттарымды жоғарғы оқу орындарының біріне тапсырғым келді. Арман жетегінде оқуға тапсырғалы кетіп бара жатып автобуста паспорт, туу туралы куәлік, толық орта білім аттестаты сияқты құжаттарымды түгелдей жоғалтып алдым.

Сол сәтте дереу жергілікті полицияға хабарласып арыз жаздым, бірақ құқық қорғау органынан ешбір көмек болмады. Ел жермен таныс емеспін, орысша білмеймін, өмірімнің бір киын кезеңіне тап болдым.

 Атажұртқа келген жиырма жылдан астам уақыт құжатсыз жүрсем де заңға қайшы әрекет жасаған емеспін. Сынаптай сырғыған уақыт өз ағысымен жүре берді. Толқын-толқын жылдар көшінде жастық шағым өтті. Қазақтың қастерлі топырағын басып жүрген азамат ретінде менің де қолымда заңды құжатым болғанын қаладым. Қазіргі уақытта еліміз өркендеп, заңы кемелденді. Осындай шұғыласы алаш жұртына тараған елде өз құқығымның қорғалатынына сеніммен қарадым.    

Сонымен 2018 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық филиалына барып көмек сұраған едім. Ол кезде Қауымдастықтың филиал басшысы Болат Заутұлы деген ағамыз еді.

Болат ағамыздың тікелей араласуымен Моңғолияның орталық мұрағатынан құжаттарымның түп нұсқасының анықталуына көмек көрсетті. Атап айтсам, туу туралы куәліктің дубликатын, сотталмағандығы туралы анықтама, ұлты қазақ екенін дәлелдейтін құжаттарымды алғызып берді. Бұл жаңалықты естігенде қуанышымда шек болмады.

Қолыма тиген құжаттарыммен ҚР–да тұрақты тұруға рұқсат алып, «Азаматтығы жоқ тұлға» деген төлқұжатқа ие болдым. 2019 жылы тамыз айында оралман мәртебесін алып, оралмандарды қабылдауға арналған өңірлік квотаға кірдім. Осы құжаттарыммен оралмандарға мемлекет тарапынан берілетін бірреткі жәрдемақы, бір жылға үй жалдап тұруға арналған қаражатты алуға қол жеткіздім. Қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы шаруа қожалығында жылқышы болып жұмыс істеп жүрмін.

Әрі қарай жеке шаруашылық құру мақсатында Қауымдастық пен «Отандастар қоры» фронт офисінің мамандары берген кеңеспен, «Еңбек мемлекеттік бағдарламасы» аясында жеке кәсіп ашып еліміздің дамуына өз үлесімді қосу жоспарым бар.

Квотаға кірген шешім шыққан соң дереу 2019 жылы желтоқсан айында Павлодар облысы ПД-нің Көші-қон қызметі басқармасына барып Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш тапсырдым.

Міне бүгін 21 жылдан кейін  Қазақстан Республикасының азаматы атанып, төл құжатымды қолыма алып қуанышым қойныма сыймай толқып тұрмын.

Менің ҚР-ның азаматтығына қол жеткізу үшін көптеген мемлекеттік мекемелердің азаматтары, жекелеген тұлғалардың қолдау көрсеткеніне айтар алғысым шексіз екенін айтқым келеді.

Әуелі Болат Заутұлы ағамыздан бастап, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы РҚБ, «Отандастар қоры» фронт офис қызметкерлеріне, Павлодар облысы ПД-нің Қөші-қон қызметі басқармасының басшыларына және қызметкерлеріне үлкен рахмет айтып ризашылығымды білдіремін.

Сіздерге Алла зор денсаулық, баянды бақыт беріп, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!

 

           Ізгі ниетпен,

           Павлодар қаласының тұрғыны Болатхан Сагидолда

21 жыл құжатсыз жүрген қазақ