2026 жылғы 25 наурызда «Отандастар қоры» өкілдері Моңғолиядағы қазақ тілінде хабар тарататын негізгі медиа ресурстар – «Дербес» телеарнасы және «Аймақтың бұқаралық радиосы» (Қазақ радиосы) ұжымдарымен ресми кездесу өткізді.
Жиын барысында шетелдегі қазақ тілді ақпарат айдынының бүгінгі ахуалы, тарихи маңызы және алдағы даму перспективалары талқыланды.
Кездесуде іргетасы 1965 жылы қаланған «Аймақтың бұқаралық радиосына» ерекше тоқталып өтілді. Моңғол жеріндегі қазақ тіліндегі алғашқы хабарлар 1944 жылдан бастау алған. Ал 1965 жылдың 5 шілдесінен бастап Баян-Өлгей қаласында дербес радио станциясы жұмысын бастады. Халық арасында «Тоғыздың хабары» аталуының себебі хабарлардың кешкі сағат 21:00-де берілуіне байланысты қалыптасқан. Қазіргі таңда радиода 18 маман қызмет етеді. Олар «Жауқазын», «Дала дидары», «Ауыл мәдениеті» сияқты бағдарламалар арқылы ұлттық мәдениет пен әдебиетті насихаттап келеді.
2011 жылы құрылған «Дербес» телеарнасы биыл өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Тәуелсіз медиа ресурс ретінде құрылған арна пандемиядан кейінгі экономикалық қиындықтар мен жарнама нарығының цифрлық форматқа ауысуына байланысты күрделі кезеңді бастан өткеруде. Соған қарамастан, арна ұжымы Моңғолиядағы қазақ тілді аудиторияны сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медиа ресурстарды қолдаудың келесідей тетіктерін қарастырды: Телеарна мен радио журналистері үшін Қазақстанның жетекші медиа холдингтерінде арнайы тағылымдамалар мен тәжірибе алмасу курстарын ұйымдастыру; Отандық «Үркер», «Тұмар» ұлттық медиа бәйгесі аясында шетелдегі қазақ тілді БАҚ өкілдеріне арналған арнайы номинация енгізу туралы бастама көтеру және т.б.
«Отандастар қоры» өкілдері шекара сыртындағы қазақ тілді журналистиканың дамуы – ұлттық бірегейлікті сақтаудың кепілі екенін атап өтіп, айтылған ұсыныстар бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс істейтінін жеткізді.
.jpeg)
