Баян-Өлгий аймағында «Отандастар қорының» өкілдері белсенді жастармен кездесті

Кеше

2026 жылғы 26 наурызда Баян-Өлгий аймағының Мемлекеттік қызмет көрсету орталығында «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері Баян-Өлгий аймағы Білім басқармасының қолдауымен жергілікті қазақ жастарымен, мектеп түлектерімен және ата-аналармен ресми кездесу өткізді.

Жиынның басты мақсаты – шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және қазақстандық жоғары оқу орындарына түсудің жеңілдіктерімен таныстыру.

Кездесу барысында «Отандастар қоры» КЕАҚ Баспасөз хатшысы Алжан Шарифов Қоғамның қазіргі таңдағы негізгі жобалары мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, Шетелдегі отандастармен жұмыс департаментінің консультанты Талғат Кенжебекұлы қандастар үшін бөлінетін 4 пайыздық білім квотасы, мемлекеттік гранттар мен стипендиялар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Баян-Өлгий аймағы Білім басқармасының аға маманы Әсемгүл Ибрагимқызы ата-аналар мен талапкерлерді толғандыратын өзекті сұрақтарды ортаға салып, мұндай ақпараттық кездесулердің шетелдегі қазақ мектептері үшін маңыздылығын атап өтті. Ал Еуразия ұлттық университетінің түлегі, бүгінде жергілікті мектеп мұғалімі Өміртай Болатбек Қазақстанда білім алудың артықшылықтары мен өзінің сәтті тәжірибесімен бөлісті.

Ашық диалог форматында өткен шарада ата-аналар мен түлектер тарапынан бірнеше маңызды ұсыныстар айтылды:

– Студенттік визаларды ұзарту процесін жеңілдету;

– «Jas Qazaq» жазғы лагеріне талантты балалар үшін арнайы квоталар бөлу;

– Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және құжат тапсыру бойынша бейне-нұсқаулықтар әзірлеу;

– Қандас талапкерлерге кәсіби бағдар беру жұмыстарын онлайн форматта тұрақты жүргізу.

«Отандастар қоры» өкілдері көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе шешілетінін жеткізді. Жиын соңында қатысушыларға қажетті ақпараттық материалдар таратылды.

 

Баян-Өлгий аймағында «Отандастар қорының» өкілдері белсенді жастармен кездесті