Баян-Өлгейде «Қазақстандық білім күндері» өтті: 10-нан астам университет өз бағдарламаларын ұсынды

27 Наурыз 2026

2026 жылғы 25-26 наурыз күндері Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Музыкалық драма театрында ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ және жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Қазақстандық білім күндері» атты ауқымды білім көрмесі өтті.

Екі күнге созылған бұл шараның негізгі мақсаты шетелдегі қандас жастарға Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін таныстыру және оқуға түсу мүмкіндіктерін түсіндіру. Биылғы көрмеге Қазақстанның 10-нан астам жетекші жоғары оқу орнының өкілдері арнайы келіп қатысты. Олар:

  • – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
  • – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
  • – Astana IT University;
  • – Astana International University;
  • – Esil University;
  • – М. Тынышпаев атындағы ALT University;
  • – Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиеті;
  • – Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті;
  • – Ә. Сағынов атындағы Қарағандық техникалық университеті;
  • – Болашақ академиясы.
  •  
  • Шараның салтанатты ашылуына Баян-Өлгей аймағының әкімі Заңғар Есентайұлы қатысып, екі ел арасындағы білім мен мәдениет саласындағы алтын көпірдің маңыздылығын атап өтті:

«Бұл көрме жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік. Сапалы білім алып, атажұртпен байланысты нығайтуға жасалған маңызды қадам» деді аймақ басшысы.

«Отандастар қоры» КеАҚ білім бағытына жауапты маман Талғат Кенжеханұлы өз сөзінде бұл шараның дәстүрлі сипат алғанын және жыл сайын гранттар мен жеңілдіктер туралы ақпарат алуға ниетті жастардың қатары артып келе жатқанын тілге тиек етті.

 

 

Баян-Өлгейде «Қазақстандық білім күндері» өтті: 10-нан астам университет өз бағдарламаларын ұсынды