«Отандастар қоры» мен «Нұрлы жол» газеті ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға уағдаласты

02 Наурыз 2026

Отандастар қоры КеАҚ пен Өзбекстанда шығатын Нұрлы жол республикалық газеті арасында онлайн форматта кездесу өтті. Басқосуға «Отандастар қоры» тарапынан Президент кеңесшісі Қалыбек Қобландин мен баспасөз хатшысы Алжан Шарифов, ал «Нұрлы жол» газеті тарапынан бас редактор Ғұламзакир Юсупов және редакция ұжымы қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысты нығайту, ақпараттық серіктестікті кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктерін айқындау. Тараптар қазіргі медиа кеңістіктегі өзекті үрдістерді, қазақтілді контенттің сапасын арттыру және аудиторияны кеңейту жолдарын талқылады.

Әсіресе «Отандастар» жанынан құрылған Шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығы аясында бірлескен жобаларды қолға алу мәселесіне басымдық берілді. Бұл бағытта ортақ ақпараттық науқандар өткізу, сараптамалық және танымдық материалдар алмасу, сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты тақырыптарды жүйелі түрде жариялау ұсынылды.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» газетінің ұжымын Қазақстанда ұйымдастырылатын «Үркер» ұлттық сыйлығы, «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен», «Мемлекеттік тіл және БАҚ» секілді медиа байқауларға қатыстыру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл бастама шетелдегі қазақ журналистерінің кәсіби деңгейін арттыруға және тәжірибе алмасуға жол ашпақ.

Кездесу барысында «Нұрлы жол» газеті мен Қазақстандағы жетекші басылымдар – «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Айқын» газеттері арасында әріптестік байланыс орнату, тағылымдамалар ұйымдастыру және редакциялық тәжірибе алмасу тетіктерін пысықтау мәселесі де көтерілді. Бұдан бөлек, журналистерге арналған біліктілікті арттыру курстарын өткізу, бірлескен арнайы жобалар әзірлеу және «Нұрлы жол» газеті мен оның шығармашылық ұжымы туралы ақпараттық контенттер дайындау жөнінде ұсыныстар айтылды.

Тараптар мұндай ынтымақтастық қазақ диаспорасының ақпараттық кеңістігін нығайтуға, тарихи Отанмен байланысын күшейтуге және шетелдегі қазақ жастарының медиа саласына белсенді араласуына ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, «Нұрлы жол» газеті 1991 жылдан бері Өзбекстан көлемінде қазақ тілінде тұрақты түрде жарық көріп келеді. Биыл басылымның 35 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған орай мерейтой аясында бірқатар мәдени-рухани және ақпараттық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Тараптар аталған мерейтойлық шараларға қолдау көрсету мүмкіндігін де талқылады.

«Отандастар қоры» мен «Нұрлы жол» газеті ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға уағдаласты