21 қараша күні Астанадағы Назарбаев Университетінде «Шетелдегі қазақ ғалымдарының форумы» өтті. Іс-шараны «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастырды. Форум халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми алаңға айналып, шетелден келген 40-тан астам зерттеушіні және Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарынан 100-ге жуық ғалымдар мен сарапшыларды біріктірді.
Форумның ерекшелігі – шетелде еңбек етіп, халықаралық ғылыми ортада құнды тәжірибе жинаған қазақстандық ғалымдардың қатысуы болды. Олар Қазақстанның ғылыми-инновациялық дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді. Қатысушылар бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық жобаларды іске асыру және ұлттық ғылыми экожүйені жаһандық стандарттарға сәйкестендіру бойынша нақты ұсыныстарын таныстырды.
Форум барысында шамамен 40 ғылыми баяндама ұсынылды. Қатысушылар медицина, биотехнология, аэрокосмикалық инженерия, жасанды интеллект, цифрлық қауіпсіздік, қалалық инфрақұрылым және экология сияқты негізгі бағыттар бойынша инновациялық жобаларымен бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум шетелдік және отандық ғалымдар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, жаңа серіктестік жобаларды іске қосуға жағдай жасады. Бұл Қазақстанға озық ғылыми тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ жергілікті зерттеушілердің халықаралық ынтымақтастыққа қатысуына жол ашады.
24.kz телеарнасының хабарлауынша, іс-шарада ұсынылған барлық ғылыми жобалар мен бастамалар арнайы жинаққа біріктіріліп, жеке кітап ретінде басылып шығарылады. Сонымен қатар, бұл ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, ұлттық деңгейде шешім қабылдау үшін сараптамалық негіз ретінде пайдаланылатын болады.
Дереккөз: Qazbiopharm