Өскеменде этникалық қазақ жастарымен кездесу өтті

28 Ақпан, 2020

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Этникалық қазақ студенттерге құқықтық түсіндірме жұмысының маңыздылығы» тақырыбында кездесу өтті.

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы және «Отандастар» қорының фронт-офисі ұйымдастырған шараға жоғарыда аталған оқу орнында Моңғолия және Қытай елінен келіп білім алып жатқан 150-ден астам студент жастар қатысты.

Сонымен қатар жиынға облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков, Көші-қон полициясының аға инспекторы Руслан Хасенов, облыстық Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының көші-қон бөлімінің бас маманы Дана Қабдуллина, осы университеттің оқытушылары Айымгүл Сейпутанова, Бейбітгүл Шүршітбай қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесуді Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының орынбасары, «Отандастар» қорының фронт-офисінің бас сарапшысы Хуанбай Әскерхан ашып, фронт-офистің қызметіне жан-жақты тоқталды.

Ол өз сөзінде: «Фронт-офис қандастарға ақпараттық-құқықтық көмек беріп, көші-қон саласындағы заңнамаларды және көші-қонға қатысты мемлекеттік бағдарламалардв түсіндіріп, қандастарды экономикалық тұрғыдан қолдауға назар аударады. Өзге мемлекеттердегі қазақ жастарының тарихи отанында білім алып жатуының өзі үлкен абырой. Бұл Қазақстанның шеттегі қазақтарға деген қамқорлығының нақты көрінісі» деді.

Жиында әр саланың мамандары өз саласы бойынша ақпараттық түсіндірме жүргізді. Жастар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Мамандар жастардың сұрақтарына нақты жауап беріп, кей мәселелер бойынша студенттер жеке кеңес алды. Сонымен қатар бірқатар маңызды сауалдар (облыс бойынша көшіп келу жеңілдігінің игерлуіне қатысты қандастарды қабылдауға қосымша қаржы сұрау, студенттер тұрақты тіркеуге ықтиярхатқа оқу орны бойынша тіркелу) ДҚҚ «Отандастар» қорына жолданатын болды.

Өскеменде этникалық қазақ жастарымен кездесу өтті