2025 жылғы 15 шілде күні «Отандастар қоры» КЕАҚ мен технология саласындағы даму мен білім беруді қолдауға бағытталған «TechnoWomen Non-profit Organisation» коммерциялық емес ұйымы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Құжат шетелдегі қазақтар мен қазақстандық IT саласының арасындағы көпірді нығайтуға бағытталған жаңа серіктестіктің бастамасы болмақ.
Меморандум аясында тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Атап айтқанда, Aqyl Tech және IT Aiel бағдарламаларына шетелде тұратын қандастарды тарту, сондай-ақ оларға арналған жаңа цифрлық білім беру және кәсіптік бағдар жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.
Іс-шара барысында «TechnoWomen» ұйымының сарапшысы Наталья Абрамова «Отандастар қоры» қызметкерлеріне арнап «2025 жылғы жаздың жасанды интеллектке қатысты жаңалықтары» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Мастер-класс барысында қатысушылар жасанды интеллект саласындағы соңғы трендтермен танысып, оларды қоғамдық жобалар мен медиа жұмысында қолданудың жаңа жолдарын талқылады.
Бұл әріптестік – шетелдегі этникалық қазақтарды жаңа білім мен дағдыларға баулу жолындағы маңызды қадам.