2025 жылғы 13 сәуірде Астана қаласындағы Баскетбол академиясының алаңында шетелдік қандас студенттер арасында дәстүрлі «Otandastar Cup» халықаралық баскетбол турнирі өтті. Іс-шараны «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен ПБК «Астана» бірлесіп ұйымдастырды.
Аталған турнирге Қытай Халық Республикасы, Моңғолия және Өзбекстаннан келіп, Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 100-ге жуық қандас студент қатысты. Алғашқы топтық кезеңде Алматы, Павлодар, Қарағанды және Өскемен қалаларынан келген 24 команда өзара бақ сынасты. Ойын қорытындысы бойынша үздік сегіз команда плей-офф кезеңіне өтті. Ширек финалдағы қарсыластар қатарында «Ховд Шонхорууд», «ZOO Party», «Blazers», «Nomad Yurt», «AAA», «IMS», «Predators» және «Nonstop» командалары болды. Жартылай финалға «Ховд Шонхорууд», «Blazers», «AAA» және «Predators» командалары жолдама алды.
Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде «AAA» командасы «Blazers» ұжымын жеңіп, қола жүлдеге ие болды. Ал шешуші финалдық ойында «Ховд Шонхорууд» пен «Predators» командалары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі ойын сыйлады. Қорытындысында «Ховд Шонхорууд» турнир жеңімпазы атанды.
Турнир жүлдегерлері «Rubai» мейрамханасының қолдауымен ақшалай сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды.
Турнир жеңімпаздарын құттықтауға Қазақстан баскетбол лигасының 13 мәрте чемпионы Рустам Ерғали келіп, жас спортшыларымызға спорттық мансаптарына сәттілік тіледі.