Лондонда өткен «Қазақстан – Ұлыбритания» стратегиялық диалогы шеңберінде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Еңбектегі қанау мен заңнаманы бұзуға қарсы іс-қимыл қызметі (GLAA) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы өзара іс-қимылын көздейді.
Меморандумға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа, Солтүстік Америка және шет елдер істері жөніндегі мемлекеттік министрі Стивен Даути қол қойды.
Құжат тараптардың келесі бағыттар бойынша ынтымақтастығын көздейді:
- Ұлыбритания аумағында Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша жұмысқа орналастыру шарттары мен рәсімдері туралы ақпарат алмасу;
- Қазақстан Республикасынан еңбек қызметі үшін Ұлыбританияға жұмыскерлерді жіберетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметі туралы ақпарат алмасу, сондай-ақ қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес олардың қызметін растау;
- Қазақстан Республикасы азаматтарының Ұлыбритания аумағындағы еңбек қызметі кезеңінде, оның ішінде Тier-5 маусымдық жұмыс визасы (seasonal worker visa) шеңберінде еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастық;
- сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары және Қазақстан Республикасы азаматтарының қажетті кәсіптік даярлығы туралы ақпарат алмасу.
Осы Меморандумға қол қою Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.