2020 жылдың 18 ақпанында «Отандастар қоры» КЕАҚ-та Ресей Федерациясының Ишим қаласындағы (Түмен облысы) қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясын ашуға мұрындық болған, 20 жылдан бері сол қоғамдық ұйымға жетекшілік етіп жүрген ұлтжанды қандасымыз Жамиля Мурзанова арнайы келді. Ұйымда атқарылып жатқан іс-шараларымен таныстырған белсенді қандасымыз 2020 жылдың 21 ақпанында Ишим қаласында «Қазақ тілін оқыту» сыныбы ашылатыны туралы мәлімдеді.
Өз кезегінде «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов ашылайын деп жатқан сыныптың қадамына сәттілік тілеп, қордың басым бағыттарымен және басты жобаларымен таныстырды. Алыс-жақын шетелдерде қазақ мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, ана тілімізді, қазақ әдебиеті мен тарихын етене таныстыру мәселелері туралы айтты.
«Отандастар қорының» Мәдени-гуманитарлық жобалар департаменті Түмен облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясына демеушілердің қолдауымен дайындалған баспа өнімдері (көркем әдеби кітаптар, қазақша-орысша сөздіктер, оқулықтар, көрнекі құралдар мен журналдар), ұлттық киімдер, қымыз ішетін ұлттық ыдыс-аяқтар, көрпе-төсек, қазақ тілін үйретуге арналған аудиожазба дискілер мен бағалы сыйкәделерді тарту етті.
Ишим қаласында қандастарға арналған қазақ тілі орталығын ашқалы отырған отандасымыз, тіл жанашыры Жамиля ханым құнды дүниелер табыстаған «Отандастар қорына» ризалық білдіріп, алғысын жеткізді.